Ауыл шаруашылығы

СҚО-да биыл 400 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш пайдаланылады

Өткен аптада облыста көктемгі егіс жұмыстары аяқталды. Теріскейлік диқандар 4 млн 300 мың гектар аумаққа дән сіңірді. Бірақ, мұнымен алқаптардағы жұмыс тоқтап қалмайды. Мол көлемде өнім алу үшін егілген тұқымды баптау қажет. Қызылжар ауданындағы “Сервис-ЖАРС” серіктестігі алқаптарына минералды тыңайтқыш енгізіп жатыр.

ӘДІЛХАН АЛПЫСОВ, “Сервис-ЖАРС” ЖШС агрономы, Қызылжар ауданы:

— Биыл 15 мың гектар алқапқа дән сіңірдік. Оның 5 мыңы – дәнді-дақылдар. Соңғы жылдары майлы дақылдар мен жем-шөпке ерекше көңіл бөліп жатыр. Өнімділікті арттыру және топырақтың құнарлылығын сақтау мақсатында минералды тыңайтқыштарды енгізу аса маңызды. Біз әр гектарға 100 келі тыңайтқыш себуді жоспарлап отырмыз.

Соңғы жылдары ауыр дөңгелекті техниканың орнын цифрлық технологиялар басып келеді. Серіктестіктегі егіс алқаптарының бір бөлігі агродрондардың көмегімен өңделуде. Заман игілігі кез келген ауа райында жұмыс істей алады. Өзіндік ерекшеліктері бар. Агроқұрылым агродрондарды жергілікті серіктестіктен сатып алған.

ДАНИЯЛ СЫЗДЫҚОВ, дрон операторы:

— Агродрондар 1 сағаттың ішінде 30 гектар аумақты қамти алады. 2 генератордан тұрады. Құрылғы арнайы пульт арқылы басқарылады. Алдымен ол егістікті сканерлеп, карта жасайды. Содан кейін бағдарламаның нұсқауы бойынша алқаптарға тыңайтқыштарды дәл әрі жеткілікті мөлшерде себеді.

Айта кету керек, биыл өңір диқандары егіс алқаптарына 400 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр.

Нұрасыл Ахмет