Мағжан Жұмабаев ауданының оқушылары жергілікті полиция қызметкерлерімен кездесті. Жүздесу мектеп қабырғасында емес, аудандық полиция бөлімінде өтті. Ашық есік күні балалардың құқықтық сауатын арттыру және мамандықтың қыр-сырын көрсету мақсатында ұйымдастырылған.
Экскурсияда балақайлар «102» арнасына келіп түсетін қоңыраулардың қабылдануын көріп, бейнебақылау камералары арқылы аудан орталығымен танысты. Осы құрылғылардың көмегімен жыл басынан бері Булаево қаласында 3 қылмыс ашылып, 437 құқық бұзушылық анықталған.
Ал жедел-криминалистикалық топтың қызметкерлері балаларға қылмыскерлердің іздерін анықтау жайлы айтып берді. Экскурсия барысындағы тақырыптардың бірі – қазақстандық полиция қаһармандарын еске алу. Ғазиз Байтасовқа арналған стенд жанында оқушылар 2011 жылы аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан Тараз қаласының патрульдік полиция қызметкерінің ерлігі туралы білді.
Осындай үлгі тұтар тұлға Мағжан Жұмабаев ауданында да бар. Мұражай бөлмесінде балалар жерлестері, полиция капитаны Жанәділ Теміртасов туралы білді. Ол 1999 жылғы 20 мамырда масаң күйдегі адамдар тобын тәртіпке шақыруға әрекет жасаған кезде қаза тапқан.
БИКЕН СМОЛЕКОВА, М.Жұмабаев ауданы ПБ жеке құраммен жұмыс тобының аға инспекторы:
—2016 жылдан бастап Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөлімінде 100-ден астам бірегей жәдігер сақталған мұражай бөлмесі жұмыс істейді. Музейде экскурсиялар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мұнда ауданымыздағы барлық жалпы білім беретін мектептердің оқушылары келіп үлгерді.
Мұндай экскурсияларды Солтүстік Қазақстан облыстық полициясының барлық бөліністерінің қызметкерлері тұрақты түрде ұйымдастырып тұрады.