Достық үйінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен этномәдени бірлестік өкілдеріне арналған екі күндік республикалық семинар-тренинг өтті. Бұл іс-шара жыл сайын өткізіледі. Биыл ұйымдастырушылар басқосуды Петропавл мен Талдықорғанда өткізуді жөн көрді. Теріскейге еліміздің 10 өңірінен 60-қа жуық қатысушы жиналды.
ЕЛДОС ЖҰМАҒҰЛОВ, “Қоғамдық келісім” РММ басқармасының басшысы:
— Бұл семинар этномәдени бірлестік, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне өте пайдалы. Қоғамда болып жатқан процестерді түсіну, құзыреттіліктерді, дағдылары дамыту мақсатымен өткізіледі. Қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа білім алады”, “Семинар-тренинг этномәдени бірлестіктердің пайда болатын сұраныстарына сәйкес жасалды.
Біздің көпұлтты қоғамда этносаралық татулықты сақтау және кез келген түсініспеушіліктің алдын алу өте маңызды. Қатысушыларға арнап ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару акамедиясының мамандары ұлттар арасында пайда болатын кикілжіңдерді реттеудің халықаралық кейстерімен таныстырды. Этносаралық медиацияны дамыту жолдарымен де бөлісті. Сонымен қатар, мемлекеттік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан көптеген гранттар және қаржыландыру қарастырылған. Делегаттарға гранттарды алу жолдары түсіндірілді.
РАГИФ ЗЕЙНАЛОВ, Әзербайжан этномәдени бірлестігінің өкілі, Қостанай облысы:
— Шыны керек, бұған дейін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына және мемлекеттен қалай грант алуға болатынына аса мән бермейтінмін. Осы жолы жобаларымызды дамыту үшін бюджеттен қаржы тартудың жолдарын нақты білдім. Өте пайдалы жиын болды.
Республикалық семинар-тренинг бұнымен аяқталмады. Қонақтар үшін теріскейдің тарихи орындарына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Жаннұр Бектұрғанова