Петропавлда “Бір ауыл – бір өнім” жобасы аясында ұйымдастырылған байқаудың екінші кезеңі өтті. Шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген үздік тауар өндірушілер қатысуда. Басты мақсат – жергілікті шикізаттан жасалған өнімдерді дамыту, нарыққа шығару және кәсіпкерлерді қолдау. Айта кету керек, шараны облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр. Алдымен байқау аясында қазылар алқасының қатысуымен отырыс өтті. Онда сайыстың басты талаптары түсіндірілді.
ӘСЕЛ ҚҰНАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
— Екінші кезеңге 20 үздік тауар өндіруші қатысады. Байқау жеңімпазына Кәсіпкерлер палатасы зор қолдау көрсетеді. Үздік технологтардан тәлім алады.
Отырыстан кейін екінші кезеңге жолдама алған тауар өндірушілер өз жобаларын қорғады. Әкелген өнімдері жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Тайыншалық Ажар Рашидқызы табиғи сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Аталған кәсіпті қолға алғанына 5 жылдан асыпты. Іскер нәзікжандының тауарларына Астана, Көкшетау қалаларында сұраныс жоғары. Азаматша байқауда жеңімпаз атанғысы келеді.
АЖАР РАШИДҚЫЗЫ, байқауға қатысушы, Тайынша ауданы:
— Мен сүттен сары май, құрт, қоспа, айран жасаймын. Барлығы – табиғи таза өнімдер. Менде ешқандай қондырғы жоқ. Барлығын екі қолдың күшімен істеймін. Болашақта цех ашу жоспарымда бар.
Айта кету керек, байқау осымен 3-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Сайысқа қатысуға 43 кәсіпкер өтінім берген. Үздік атанған тауар өндіруші 5 млн теңгенің грантына ие болады. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасының ықпалымен өз өнімін еліміздің түкпір-түкпіріне саудалай алады.
Нұрасыл Ахмет