Экология

Көктемгі тасқыннан кейін Есілдің бойы жиналды

“Есілге деген сүйіспеншілікпен”. Осындай атаумен Қызылжар ауданындағы Красноярка ауылында экологиялық акция өтті. “Таза Қазақстан” республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға жергілікті және алматылық студенттер, мектеп ұжымы мен елдімекен тұрғындары қатысты.

ОЛЬГА МИХАЙЛОВА, Краснояр негізгі орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

— Бүгін біз Есіл өзенінің бойын және оған іргелес аумақтарды тазалаймыз. Бірнеше жыл бұрын мына жағажай ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болды. Дегенмен, 2024 жылдан бастап мұнда шомылмаймыз. Соған қарамастан жергілікті жұртшылық табиғаттың тазалығын сақтауға ерекше көңіл бөледі. Халықтың бірлігі баршамызды қуантып отыр.

Айта кетерлік жайт, Красноярка ауылында Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен жергілікті Қозыбаев университетінің студенттері далалық тәжірибеден өтті. Болашақ географтар, экологтар және геодезистер өңірдің табиғи ерекшеліктерін зерттеді. Неге дәл осы елді мекен таңдалды? Себебі, жергілікті мектептің экологиялық, туристік және өлкетану жұмыстарын ұйымдастыруда 40 жылдық тәжірибесі бар.

АЙЖАН РЫСКЕЛДИЕВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, Алматы қаласы:

— Биыл біз “Алматы-Петропавл” бағытын әзірледік. Практиканың мақсаты – студенттерге еліміздің табиғат зоналарының өзгеруін, шөлейттен-орманды далаға дейінгі ауысуын көрсету. Солтүстік Қазақстанның табиғаты зерттеулер үшін өте қолайлы. Қазіргі таңда студенттер топырақ сынамаларын алып, геоморфолоогиялық және геофизикалық зерттеулер жүргізуде. Аталған тәжірибе жастардың теориялық білімдерін бекітіп, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақ “Жас келсе, іске” деп бекер айтпайды. Осындай ғылыми зерттеулер табиғатты қорғау бағытында маңызды шешім қабылдау кезінде септігін тигізеді.

АЯУЛЫМ МҰРАТ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті, Алматы қаласы:

— География бағытын таңдаған себебім – өзімнің жеке құштарлығым, осы салаға деген, еліме деген сүйіспеншілігім. Сонымен қатар, еліміздің дамуына, көркейуіне үлес қосқым келеді.

Табиғаты керемет Есіл бойындағы жағажайды 80-нен астам адам жинады. Бірліктің арқасында аумақ жарты сағаттан соң адам танымастай өзгеріп шыға келді.