Ауыл шаруашылығы министрлігінде ведомство басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған алқа отырысы өтті. Келелі кездесуде айтылғандай, былтыр өңдеу саласында құны 120,4 млрд теңге болатын 53 инвестициялық жоба пайдалануға берілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгеге жетіп, 8,1 пайызға артты. Биылғы көрсеткіш те қуантады. Қаңтар-сәуір айларында 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,4 пайызға жоғары. Саланың негізгі капиталына 2 еседен астам инвестиция тартылып, 389 млрд теңгеден асты. Өңделген өнім экспорты 3,6 млрд АҚШ долларына жетіп, агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы экспортындағы үлесі 51,4 пайызды құрады.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
— Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржылық ресурстарға қол жеткізіп, агротехнологиялық үдерістерді толықтай қолданысқа енгізу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде еліміз ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Импортқа тәуелді бағыттар бойынша инвесторларды тарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Біздің басты міндетіміз – агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізіп, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыру.
Алқа отырысында астықты терең өңдеу, май өңдеу саласын дамыту, қант өнеркәсібін жетілдіру, сондай-ақ сүт және ет өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту мәселелері де кеңінен қаралды.