Өрмекшідей тор құрып, жемтігіне құзғынша түсетін интернет-алаяқтардан қорған – цифрлық сауаттылық. Адам неғұрлым қауіптен хабардар болса, соғұрлым сан соғып қалмайды. Осыны халыққа ұғындыру мақсатында “Зенченко и К” коммандиттік серіктестігінің Петропавлдағы кәсіпорнында киберқылмыстың алдын алуға бағытталған ақпараттық кездесу өтті.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Кездесу барысында телефон арқылы жасалатын алаяқтық, фишингтік шабуылдар және зиянды бағдарламалардан сақтану мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Арнайы шақырылған мамандар күмәнді хабарламалар мен интернет-ресурстарды қалай анықтау керектігін айтады. Бұлардың барлығы тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға негізделген.
Интернет-алаяқтар қандай тәсілдерді қолданады? Полиция департаментінің өкілі осы сұраққа жауап берді. Айтылғанды әр адам біліп жүруі тиіс.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
— Қазіргі таңда алаяқтар өздерін коммуналдық қызметтердің, “Қазақтелекомның” немесе басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Ал кодты алғаннан кейін қайта хабарласып, қоңырау шалып тұрған eGov немесе құқық қорғау органдарының өкілдері екенін айтады. Артынша ақшаны аударуды, несие алуды сұрайды. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттерге сеніп қалатындар бар. Ешкімге жеке мәліметтеріңізді, банк деректерін және SMS-кодтарды бермеулеріңізді сұраймыз.
Осындай кездесулердің нәтижесінде өңірімізде интернет-алаяқтық фактілері азайып жатыр. Биыл аймақта 247 жайт анықталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға төменден. Алайда, ағымдағы жылы тұрғындарға келтірілген материалдық шығын көлемі артып, 700 млн теңгеден асқан.