Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Петропавлда аулалар жаңартылуда

Петропавл тұрғыны Қатира Бекназарованың осы аулада тұрып жатқанына – 20 жыл. Оның айтуынша, сол кезден бері бұл маңда ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ауланың әбден тозығы жеткені соншалық, тұрғындар талай жыл бойы балалары үшін уайымдап келген. Ондағы ескірген ойын алаңы тіпті жеткіншектердің өміріне қауіп төндірген.

ҚАТИРА БЕКНАЗАРОВА, қала тұрғыны:

—Бұрынғы ауланың сиқын айтпай-ақ қояйын, оған қараудың өзі қорқынышты еді. Орындықтардың бәрі сынған, бояуы түскен, әбден ескірген болатын. Тіпті, ауладағы ескі әткеншектен бір бала құлап, басы жарақаттанып, біраз уақыт жансақтау бөлімінде жатты. Осыдан кейін ол қауіпті әткеншектердің көзін құртты. Біз балаларымыз үшін қорқынышпен өмір сүрдік, олар амалсыздан көрші аулаларға барып ойнайтын.

Халықты мазалаған бұл мәселе биыл өз шешімін тапты. «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасы аясында қала бойынша 36 аула толық жаңартылады. Оған бюджеттен 900 млн теңге бөлінген.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

— Негізгі жұмыс кешеніне: аулаішілік жолдарды жөндеу, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарын салу, балалар ойын және спорт алаңқайларын орнату кіреді. Сондай-ақ, жарықтандыру, көгалдандыру, қоқыс жәшіктері мен олардың орындарын жаңарту сияқты жұмыстар атқарылады. Қазіргі уақытта кешенді абаттандырудың пилоттық жобасы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба аясында 47 аула абаттандырылады. Одан бөлек, қосымша қаражат бөлінген жағдайда, абаттандырылатын орындардың саны артады.

Жаңадан бой көтерген заманауи орта – тұрғындардың көпжылдық арманы. Петропавлдықтар бұл ауқымды жұмыстардың алғашқы нәтижелерін осы маусым айының соңында-ақ көре алады.

 

Жангельді Жамалиев