Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Өңір ормандарында жұпсыз жібек көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде

Қазіргі таңда облыста жұпсыз жібек көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жыл сайын өтетін шара. Маңызды іс мамырдың соңында басталған. Орман шаруашылығының өкілдері бүгінге дейін 15 мың гектар орман алқабына арнайы препарат сеуіп үлгеріпті.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Табиғат жанашырлары химиялық өңдеу жұмыстарын тегіннен тегін жүргізіп жатқан жоқ. Себебі, жұпсыз жібек көбелегі орман қорына орасан зор зиян келтіреді. Егер ағашқа түссе жапырағын түгелімен жеп қояды. Сонымен қатар, қарсы шаралар жүргізілмей, мұндай жағдай жыл сайын қайталанса, жасыл желек одан әрі өспей қалуы мүмкін.

Облыста 12 орман шаруашылығы бар. Бейінді басқарма өкілдері маңызды іске кіріспес бұрын әрқайсысына барып, ондағы жасыл желекті тексерген. Нәтижесінде өңірдің 6 ауданынан жұпсыз жібек көбелегінің ошақтары анықталған.

ВАСИЛИЙ ЛАБАНЧУК, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

— Барлығы 22 мың гектар орман алқабын өңдеуді жоспарлап отырмыз. Маңызды іс бірер күнде аяқталады. Осы ретте тұрғындарға айтарымыз – шілдеге дейін орманға шығып саңырауқұлақ пен жидек термеулерін сұраймын. Сонымен қатар, ағаш шырынын дайындамағандарыңыз жөн. Себебі, химиялық өңдеу жұмыстарының салдарынан уланып қалуларыңыз мүмкін.

Білікті маманның айтуынша, жұпсыз жібек көбелегі ыстық ауа райын жақсы көреді. Айта кету керек, зиянкеске қарсы себілген арнайы препарат бірден нәтиже бермейді. 3 күннен кейін ғана өз әсерін тигізе бастайды.

Нұрасыл Ахмет