Қазіргі таңда С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жазғы оқу алаңы жұмыс істеп тұр. Кез келген адам мұнда келіп, ашық аспан астында оқулықтарды оқи алады. Мұнда оларға бар жағдай жасалған.
ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы ОӘҒК бөлім басшысы:
—Жазғы оқу алаңында отыру үшін кітапхана оқырманы болу міндет емес. Кез келген адам келіп, ортаға қойылған оқулық, газет, журналдарды оқи алады. Сонымен қатар, тұрғындар кітапхана ішінен кітап алып, оқу алаңында отыра алады.
Оқырмандар жазғы оқу алаңына келіп, түрлі үстел ойындарын ойнай алады. Сонымен қатар, мұнда виртуалды әлемге саяхаттауға мүмкіндік беретін арнайы қондырғылар да бар. Бұл кітапханаға келуші жастардың санын арттыратыны сөзсіз.
Қала тұрғыны Владислав Судникович 84 жаста. Кітап оқып жүргеніне 70 жылдан асқан. Зейнеткер кітапханада жазғы оқу алаңының ашылғанына разы. Өйткені, ашық аспан астында, таза ауада отырып кітап оқыған ерекше әсер сыйлайды дейді.
ВЛАДИСЛАВ СУДНИКОВИЧ, оқырман:
— Жазғы оқу алаңында кітап оқудың өзі бір ғанибет. Таза ауа мен ақырын ғана соғып тұрған жылы жел маған күш береді. Кітапханаға күнде келемін. Әсіресе, махаббат туралы өлеңдерді оқығанды жақсы көремін. Мекеме ұжымы маған оқулықтарды таңдауға зор көмегін тигізеді.
Айта кету керек, жазғы оқу алаңы тамыз айының соңына дейін жұмыс істейді.
Нұрасыл Ахмет