Мәдениет

Кино мен шынайылық: “Ботай. Ғайып ғалам” фильмінде университет оқытушысы рөл сомдауда

Теріскей аймағында жаңа кинотуындының түсірілім жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сценарийі екі жыл бойы мұқият әзірленген бұл фильм өңір тарихын жаңа қырынан көрсетпек. Қазіргі таңда шығармашылық топтың басты түсірілім алаңы – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті.

ЕРКЕБҰЛАН ӘЛІМЖАНОВ, фильм сценарисі, редактор:

— Мұнда осы университеттің оқытушысы – Анатолий Плешаковтың қатысуымен бір көрініс түсіріліп жатыр. Ол өз-өзін ойнап жатыр десе де болады. Бұл жерде біздің басты кейіпкеріміз Олжас пен Жібектің арасындағы алғашқы сезім, махаббат хикаясының басы түсірілуде. Негізі, сценарийде жазылған дүние мен түсірілім алаңындағы шынайылық әрқашан сәл өзгеше болады, бірақ режиссер Андрей Сергеевич сценарийдегі әрбір детальді айнытпай бейнелеуге тырысып жатыр.

Түсірілім тобы кадрлардың барынша шынайы шығуына баса мән берген. Дәрісханадағы көріністерге білім ордасының студенттері де жаппай қатысып, нағыз сабақ сәтін көрсетуге атсалысуда. Фильмнің арқауына айналған бұл бірегей тақырып отандық кино саласында бұрын-соңды мұндай деңгейде қозғалмаған еді. Көне дәуірдің тылсым сырларын заманауи экран тілінде сөйлету – шығармашылық ұжымға зор жауапкершілік жүктеп отыр.

ЕРКЕБҰЛАН ӘЛІМЖАНОВ, фильм сценарисі, редактор:

— Бұл жобаның бастауы мен тарихы тым тереңде жатыр. Кезінде Франциядағы Адамзат мұражайынан ботайлықтардың жылқыны алғаш болып қолға үйреткені туралы құнды жазбаны көру бізге зор шабыт сыйлаған еді. Сол идея міне, бүгін Петропавл төрінде үлкен туындыға айналып, сәтті жалғасын табуда. Фильмнің тұсаукесері келесі жылға жоспарланған, ең бастысы – үлкен премьераны дәл осы Петропавл қаласында өткіземіз.

Университеттегі жұмыстар аяқталған соң, кино тобы өңірдің өзге де тарихи мекендеріне жол тартады. Шығармашылық ұжым алдағы уақытта Шалқар, Имантау аймағы мен Никольско-Бұрлық ауылына аттанбақ. Еліміздің әр қиырынан 70-тен астам маман жиналған ауқымды жоба аймақтың туристік бағытын дамытуды көздейді.

Жангельді Жамалиев