Кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға! Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу және отандық өндіріс тауарларын орналастыру жөніндегі заң бары белгілі. Соған сүйенсек, өнім сатылғанда үстемеақы 15 пайыздан аспауы тиіс. Алайда, біреулер бұған немқұрайлы қарайтын сияқты. Өңірімізде артық табыс тапқан іскер жандар анықталып отыр. Бұл жайлы баспасөз брифингінде айтылды.
ҒАЛЫМЖАН ІЛИЯСОВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
— Осы талапты бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 204-4-бабы бойынша жауапкершілік көзделген: сауда субъектісінің ӘМАТ-қа сауда үстемесін асыруы – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сөредегі тауар бағасы теңгемен көрсетілуі керек, жеткізу шарты, жүкқұжаттар, шот-фактуралар сынды міндетті құжаттар болуы тиіс, соныман қатар, Қазақстанда шығарылған тауарларды орналастыру орындарын арнайы маңдайшамен немесе “Қазақстанда жасалған” деген жазумен белгілеу қажет. Бұлар да тиісті заңда бар. Яғни, талаптар әр кәсіпкерге ортақ. Брифинг барысында Ғалымжан Ілиясов салынған ең жоғары айыппұлдар бойынша ақпаратпен бөлісті.
ҒАЛЫМЖАН ІЛИЯСОВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
— Кәсіпкерліктің атауын атаудың қажеті жоқ. Бір жылда қайталап заң бұзғаны үшін бір ұйымға 600 мың теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, екі кәсіпкерлікке 300 мың теңгеден төлеу міндеттелді.
Айта кету қажет, жыл басынан бері өңірімізде заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қатысты 50 әкімшілік іс қозғалып, 4 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Соның 18-і бір жыл ішінде заңды қайта бұзған іскер жандарға қатысты рәсімделген екен.
Байболат Құлтанов