ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Жаз келіп, ми қайнатар ыстық басталғанда қалалық жағажайда ине шаншар жер болмайтын. Ал қазір мұнда бірде-бір адам көрінбейді. Себебі, 2024 жылдан бастап бұл аумақта шектеу қойылған. Содан бері тұрғындар үшін мұнда шомылуға да, демалуға да тыйым салынған.
Табиғаттың тосын мінезінен кейін қабылданған бұл шешімнің астарында үлкен негіз бар. Алапат су өзеннің түбіне айтарлықтай өзгеріс әкелді. Нақтырақ айтсақ, дәл шомылатын жер тереңдеп кетті. Қазір суға түсіп, салқындау түгілі аяқ басудың өзі қауіпті.
ҚАЛИЯ ТӨРЕНОВА, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
— Тасқын судан кейін Есіл өзеніндегі қалалық жағажайдың түбі мен рельефі толығымен өзгеріп кетті. Соның салдарынан бұл аумақта шомылу адам өміріне өте қауіпті, сондықтан биыл да қалалық жағажайға келушілер үшін шектеу қойылды. Біз тұрғындар мен қала қонақтарын ескертулерге барынша мән беріп, сақ болуға шақырамыз”!
Дегенмен, өңірдегі өзге су айдындарында шомылу маусымы ресми түрде өз жұмысын бастады. Аймақта 60-қа жуық өзен мен 2 мыңнан астам көл бар екенін ескерсек, бұл кезеңнің маңызы жоғары. Арнайы бекітілген қаулыға сәйкес, теріскейде 61 ғана орын талапқа сай жабдықталған. Егер тұрғындар рұқсат етілмеген жерлерде шомылса, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды, рейдтік бақылаулар тұрақты түрде жүргізілуде.
ДӘУРЕН ТАУБАЕВ, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
— Суға шықпас бұрын жүзу құралдарының жарамдылығын тексерген және құтқару жилетін киген, өзіңізбен бірге барлық қажетті жабдықтарды алып шыққаныңыз абзал. Артық жүк тиеуге жол бермеу тиіс. Судағы осы қарапайым сақтық шараларын есте сақтасаңыз, сонда біздің ортақ демалысымыз төтенше жағдайға ұласпайды.
Бүгінгі таңда шаһар аумағындағы шомылуға болатын заңды әрі сенімді орын ретінде Пестрое көлі таңдалып отыр. Мұнда заманауи экопарк салу жұмыстары жалғасуда. Жаңа демалыс аумағында серуендеу аймақтарынан бөлек, шынығу алаңдары мен балалардың асыр салуына арналған орындар өзара үйлесім тапқан. Ал шомылатын судың сапасы тұрақты назарда болады.
ҚАЛИЯ ТӨРЕНОВА, Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары:
— Пестрое көлінің суы шомылуға жарайды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тұрақты түрде сынама алып, оның химиялық құрамын тексереді. Әзірге теріс нәтиже тіркелмеді. Халықтың қауіпсіз демалуы үшін бұл тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да үзіліссіз жалғасатын болады.
Қала әкімдігінің тарапынан жасалып жатқан осындай жүйелі жұмыстар мен тиісті бақылау шаралары тұрғындардың көңілінен шықты. Бүгінде жағажайға келушілердің қарасы қалың. Демалушылар жоғары баға беріп отыр. Айта кету керек, мұнда қос құтқарушы кезекшілік атқарады. Сонымен қатар, өткен жылы 165 мыңнан астам демалушы қабылдаған Шалқар-Имантау курорттық аймағында демалыс деңгейі жаңа сатыға көтерілді. Мұнда автожолдарды жөндеуге 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
Жангельді Жамалиев