Экология

Петропавлда кезекті саябақ тазарды

Облыс орталығында саябақтарды тазалау бойынша акция легі қолға алынды. Қазір қалада 50-ден астам сквер бар екен. Экологиялық шара барысында адам тынығатын жерлердің барлығы қоқыстан арылады. “Таза Қазақстан” бастамасы аясында бұл жолы Интернационал және Бөкетов көшелерінің ортасындағы саябақ тазарды. Шараға жастар мен қоғам белсенділері қатысты.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, қоғам белсендісі:

— Іс-шараның басты мақсаты – қаланы тазалықта ұстау, жастарымызды тазалыққа үйрету. Бұл жерге есеп үшін шығып жатқан жоқпыз, қаламыз таза болсын деген мақсатпен осындай іс-шаралар өткізудеміз.

Шараны ұйымдастырушы – әдеттегідей жастар ресурстық орталығы. Ұйым өкілдерінің айтуынша осы акцияға 50-ге жуық жас қатысып жатыр. Бір бастама аясында біріккен белсенділер жыл басынан бері осындай 60-тан астам іс-шара өткізіпті. Көппен бірге қоғамға өзіндік үлесін қосып жүрген жастардың бірі – Санжар Ерсайын.

САНЖАР ЕРСАЙЫН – волонтер:

— Мақсатымыз – адамдар демалу үшін таза ортаны құру және жазғы уақыттағы балаларды жұмыспен қамтамасыз ету.

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар түптің түбінде өскелең ұрпақты табиғатқа ұқыптылықпен қарауға тәрбиелейтініне сенімді.