Жуырда Мемлекет басшысы “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Басты мақсат – саналы ұрпақ қалыптастырып, оқырмандардың санын арттыру. Бұл бағытта Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана өкілдері ауқымды жұмыс атқаруда. Қарашаңырақта әдеби кездесулер, конференциялар және ағартушылық іс-шаралар көптеп өткізіледі. Цифрлық технологияларға да баса назар аударылған. Қандай оқулықты таңдарын білмей тұрған адамдарға көмек көрсететін нейрокөмекшіге дейін бар.
ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы ОӘҒК бөлім басшысы:
— Кітапханада 115 мыңнан астам цифрлық қор бар. Олардың ішіне кітаптар, журналдар, газеттер мен қолжазбалар кіреді. Электронды кітапхана арқылы тұрғындар үйде отырып-ақ оқулықтарды оқи алады.
Бүгінде аталған мекемеде 1 млн 500 мыңнан астам қор сақталған. Оның жартысына жуығы – қазақ тіліндегі әдебиеттер. Кітапхананың 47 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мыңға көп. Қарашаңыраққа келуші жандар М. Жұмабаев, А. Құнанбайұлы мен І. Есенберлиннің шығармаларын сүйіп оқиды екен.
ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С. Мұқанов атындағы ОӘҒК бөлім басшысы:
— Жастарды таңғалдыру оңай емес. Жас оқырмандардың санын ұлғайту мақсатында коворкинг орталығын аштық. Түрлі цифрлық технологияларды енгіздік.
Кітапханада оқырмандар мен талапты жастарға бар жағдай жасалған. Түрлі компьютерлер мен арнайы қондырғылар да орнатылған. Сабақ оқып, дайындаламын дейтін ұл-қыздарға мекеменің есігі әрдайым ашық.
ЕРАСЫЛ СЕРІКҰЛЫ, оқырман:
— Кітапханаға күнде келемін. ҰБТ-ға дайындалып жүрмін. Мұнда маған керекті дүниенің бәрі бар.
Осы ретте оқырмандармен қуанышты жаңалықпен бөліссек. Алдағы уақытта облыстық кітапханаға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынан сый ретінде 5 мың оқулық әкелінеді.
Нұрасыл Ахмет