9 ай оқуды артқа тастап көптен күткен жаз да жетті. Шырайлы маусымда ойын баласының үйде қамалып отырмасы анық. Сондықтан ұл-қыздардың көпшілігі М.Жұмабаев ауданындағы “Аққайың” лагеріне келіп отыр. Себебі, балалар сауықтыру лагерінде кезекті жазғы маусым ашылды. Ағымдағы жылы демалыс орнының басшылығы материалдық-техникалық базасын нығайтуға 50 млн теңге жұмсаған. Оның нәтижесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, лагерь аумағы абаттандырылды.
МҰРАТ ОРТАМЫШЕВ “Аққайың” сауықтыру лагерінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:
— Біздің бағдарламаға сәйкес балалар квадроциклмен серуендейді. Бұдан бөлек садақ ату, үстел теннисі, футбол, волейбол сынды ойындардан сайыстар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, әр жұма сайын ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Ал шығармашыл ұл-қыздарға арнап вокал, би, оригами үйірмелері жұмыс істейтін болады.
Биыл сауықтыру орнында 5 маусым ұйымдастырылады. Оның барысында 500 бала демалады. Айта кету керек, биыл облыста 10 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Онда 6 мыңнан астам бала демалады.