Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

“ҚАЗТЕХМАШ” зауытында 400-ге жуық жүк тиегіш құрастыру жоспарланып отыр

Петропавлдағы “ҚАЗТЕХМАШ” серіктестігі ауыл шаруашлығында және басқа да мақсатта қолданатын техника мен агрегат шығарады. Кәсіпорынның өнімі Қазақстанда зор сұранысқа ие. Солардың қатарында финляндиялық “Sampo” комбайндарының бөлшектері де, YTO тракторларының тиеуіштері де бар.

ДИАС ҚАНАПИН, “ҚАЗТЕХМАШ” ЖШС өндірістік цехінің шебері:

— Бұл тиеуіштерді Қазақстан бойынша жалғыз біз ғана шығарамыз. Оны толық өзіміз құрастырамыз. Темірдің барлығын кесіп, осында жинаймыз. Бұны ауыл шаруашылығында да, құрылыс жұмыстарына да қолдануға болады.

Қазіргі таңда мұнда 80 адам жұмыс істейді. Зауыттың өндіріс жетекшісі Андрей Бойконың сөзінше, Қазақстанда “Sampo” комбайндарына деген сұраныс жоғары.

АНДРЕЙ БОЙКО, “ҚАЗТЕХМАШ” ЖШС зауытының өндіріс басшысы:

— Комбайн өте сапалы. Жиым-терім барысында жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді. Ішінде механизаторларға барлық жағдай жасалған. Қозғалтқышы да мықты. Әзірге ешбір сатып алушы ренішін білдірмеді.

Бұдан бөлек, мамандар “ҚАЗТЕХМАШ” серіктестігінің инженерлері ойлап тапқан “Lui gong” жүк тиегіштерін құрастырады. Яғни, бұл – авторлық жұмыс. Әр бөлшегі Петропавлда шығады.

ГАЛИНА ВИКТОРЕНКО, “ҚАЗТЕХМАШ” ЖШС бас директорының орынбасары:

— Зауыт жылына “Sampo” комбайнының 20 данасын құрастырады. Бұдан бөлек, биыл өзіміздің “Lui gong” жүк тиегіштерінің 75-ін және фронталды тиегіштің 300 данасын жинауды жоспарлап отырмыз. Себебі, сапасы жақсы техниканың сұранысы жоғары, бағасы да қалтаны қақпайды. Сонымен қатар, алдағы уақытта бульдозерлер шығаруды көздеп отырмыз.

“ҚАЗТЕХМАШ” – отандық өндірісті қолдаған ұйым. Зауыт қызметкерлерінің көздегені – нарықта ойып тұрып орын алу және жергілікті ұйымдарды техникалық тұрғыда қолдау.

 

Ұлан Ыдырыс