Жыл басынан бері облыста мас жүргізушілердің кінәсінен 1 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алған. Жағымсыз статистика одан әрі өршіп кетпес үшін полицейлер бақылау жұмыстарын күшейтті. Рейд барысында тәртіп сақшылары Петропавлдағы Назарбаев көшесінде “Chery” автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрды. Тәртіп сақшылары жүргізушіні бірден басқарманың медициналық мекемесіне апарды. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Барлық процесс патрульдік полиция қызметкерінің бейнежетонына жазылды.
ЕВГЕНИЙ ШНАЙДЕР, қалалық ПБ ППБ командирі:
— Кінәлі деп танылған тұлғаға қатысты әкімшілік материал жиналды. Ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Сонымен қатар, 15 күн бойы қамауда болады. Барша рөл тізгіндеген жандардан ішімдік ішіп, көлік басқармауларын сұраймын.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыста 500-ге жуық мас жүргізуші ұсталған.