Облысқа жұмыс сапарымен Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетов келді. Ол өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті. Спикердің сөзінше, қазіргі таңда елімізде 800-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 300 мыңға жуық ерікті жұмыс істейді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 6 есеге көп. Статистикаға қарап соңғы жылдары белсенді жандардың саны артқанын көруге болады. Келген мейманның айтуынша, бүгінде Қазақстанда салалық волонтерлікке ерекше көңіл бөлінуде.
АЙБЕК ДОСЫМБЕТОВ, Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы:
— 2025 жылдан бастап салалық волонтерлікті дамытудамыз. Өңірлердегі басқармалармен меморандумға отырдық. Ондағы қызметкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Айта кету керек, волонтерлік қызмет Конституциялық деңгейде қорғалады.
Ауа райының ыстық-суығына қарамастан көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жүрген теріскейліктер де жетерлік. Қазіргі таңда облыста 10 мыңнан астам волонтер бар. Олар зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласады. Тұрғындарға түрлі бағыттар бойынша кеңес береді, экологиялық шаралардан қалмайды. Бар ақпармен облыстық “Birgemiz” фронт-офисінің басшысы Анастасия Волкова бөлісті.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, облыстық “Birgemiz” фронт-офисінің басшысы:
— Биыл 300-ден астам әлеуметтік қызмет алушыға көмек көрсеттік. 200-ден астам экологиялық шара ұйымдастырдық. Тарихи-мәдени нысандарды күл-қоқыстан тазарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлудеміз. Жыл басынан біздің бастамамызбен тұрғындарға арналған 30-дан астам құқықтық кеңес өткізілді. Аталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ерікті болу еріккеннің ісі емес. Оларды бүгінгі күннің батырлары десек қателеспейміз. Волонтерлер қиын кездерде әрдайым көмек көрсетуге әзір. Оған 2024 жылы болған алапат су тасқыны дәлел. Белсенді жандар күні-түні еңбек етті. Атқарған жұмыстарын айта берсең сөз таусылмайды.
Нұрасыл Ахмет