Қоғам

Энергетиктер 250 түп ағаш отырғызды

Биыл Петропавл екінші жылу электр орталығының салынғанына 65 жыл толады. Осыған орай «СЕВКАЗЭНЕРГО» компаниясының ұжымы қаланың “Ойқала” ықшам ауданындағы Потанин мен Демиденко көшелеріндегі саябақтарға 250 түп қарағай мен терек көшеттерін отырғызды.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директоры:

—20-шы шілде күні Петропавл екінші жылу электр орталығы 65 жылдық мерейтойын атап өтеді. Айтулы дата қарсаңында біз Энергетиктер аллеясын ашуды жөн көрдік. Біздің компания экологиялық бастамаларды белсенді қолдайды. Бұл бірреттік акция емес. Қазір 250 тал ексек, алдағы уақытта көрсеткішті 600-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, осы жыл ішінде Есіл өзенінің су арналарын пластик қоқыстан тазартып, Белое көліне балық жіберуді жоспарлап қойдық.

Егілген ағаш арнайы таңдалған. Эколог мамандардың айтуынша, кәдімгі қарағай мен пирамида тәрізді терек өте тез жерсінеді, жылдам өседі, жаз айында мамық бөлмейді және ауаны жақсы тазартады. Кәсіпорынның экологиялық қызметі көшеттерді өз бақылауына алып, тұрақты түрде суарылып тұруын қадағалайды.

НИКОЛАЙ МАКСИМОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы:

— Негізі, бұл шараны 5 маусым – Экологтар күнінде өткізуіміз керек еді, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінге ауыстырдық. Қазір осы жерге 100 түп көшет егіп жатырмыз. Оның 30-ы – кәдімгі қарағай, 70-і – пирамидалы терек. Қалған 150 ағаш екінші алаңға егіледі. Бұдан бөлек, біздің аудандық желілердегі қызметкерлер де өз аймақтарында жасыл желек қорын молайтуды қолға алып жатыр.

Шараға саланың ардагер жұмысшылары да белсенді қатысты. Александр Азегов энергетика саласында 40 жыл еңбек етіп келеді. Майталман маман сүйікті қаласының гүлденуіне үлес қосуды мақтаныш санайды.

АЛЕКСАНДР АЗЕГОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ қызметкері:

— Бүгін өз қолымызбен жас көшеттерді отырғызып, қаламызды көркейтуге үлес қосып жатқанымызға қуанышытымын. Мен секілді ұзақ жыл еңбек еткен адам үшін бұл ерекше іс-шара дер едім. Сәтін салса, жылдар өткен соң саябаққа қайта келіп, өз еңбегімнің жемісін көрермін. Әріптестеріммен бірге қызмет атқарған шақтарды еске алармын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіпорынға қызметке қабылданатын әбір жас өзінің алғашқы ағашын егетін болады. Бұл дәстүр туған өңірге деген сүйіспеншілікті және экологияға жауапкершілікпен қарауды үйретеді.