Қызылжар ауданындағы “Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагерінде ағымдағы жылдағы алғашқы демалыс маусымы бастау алды. Балалар демалатын жер орман шаруашылығының аумағында орналасқан. Төңірек жасыл желекке толы. Ұл-қыздар ауасы таза, табиғаты әсем, жанға жайлы жерде демалып, келесі оқу жылына күш жинайды. Қонақтардың көңілінен шығу үшін ұйымдастырушылар тыңғылықты дайындалған.
ҚАЙРАТ ТОҚТАРОВ, “Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагері директорының міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:
— Биыл жоспар бойынша балалар лагерінде 6 маусым болады. Тамыздың соңына дейін 500-ге жуық баланы демалдырамыз. Ағымдағы жылы жеткіншектер жататын корпустарға кішігірім жөндеу жұмыстары жүргізілді. Инженерлік желілерді жаңарттық. Балаларға цифрлық технологияларды үйрету мақсатында интернет қостық.
Әр күн сайын балалар ерте тұрып, жаттығу жасайды. Оларға 6 мезгіл тамақ беріледі. Демалушылар топ-топқа бөлініп, түрлі жарыстарға да қатысады. Ұйымдастырушылар дайындаған күнтізбе арқылы алаңсыз демалады, салауатты өмір салтын ұстанады, ойлау қабілетін жақсартады. Сондай-ақ, бірлесе жұмыс істеуге машықтанады.
АЙНҰР МӘЛІКОВА, “Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагерінің аға ұйымдастырушысы:
— Лагерь 4-маусым күні ашылды. Қазір мұнда 66 бала демалуда. Мемлекеттік рәміздер күніне орай іс-шара өткіздік. Шығармашыл жастарға арналған түрлі байқаулар ұйымдастырдық. Ұлттық құндылықтарға да ерекше мән береміз.
Лагерьде “Таза Қазақстан” акциясы мен “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында да түрлі шаралар өтеді. Демалыс орнына тәртіп сақшылары келіп, балалармен тілдесті. Қауіпсіздік шаралары жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Балаларға барлығы ұнайды.
Айта кету керек, биыл облыста 10 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Онда 6 мыңнан астам бала демалады.
Нұрасыл Ахмет