Құқық қорғау органдары

Полицейлер жас велосипедшілерге қауіпсіздік туралы айтты

Жыл басынан бері облыста 40 жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан кәмелетке толмаған 4 бала қаза тауып, 45-і жарақаттанды.
Зардап шеккендердің көбі – велосипед пен мопед мінген өрендер. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен бірлесіп, қала көшелерінде велошеру ұйымдастырды.

ВИКТОРИЯ ПОТАПОВА:

— Біз бұл велошеруді тұрғындар, жастар жол ережесін ешқашан бұзбасын деген ниетте ұйымдастырдық. Жолда абай болу – баршамыздың міндетіміз. Ережені сақтау арқылы өзімізді де, өзгені де қауіптен қорғаймыз.

50-ге жуық жас спортшы Қазақстан Конституциясы көшесімен жүріп өтті. Тұрғындардардың назарын жол қауіпсіздігіне аударды. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде велосипедтен түсіп, қос дөңгелекті көліктерін жетектеп өтті. Бұл – аса маңызды талап.

Велосипед, скутер және электрсамокат пайдаланушыларына жүк көліктерінің “көрінбейтін аймақтары” туралы да айтылды.

Патрульдік полиция офицері балаларға «КамАЗ» жүк көлігі мысалында жүргізуші велосипедшіні қай тұстарда көре алмайтынын да көрсетті.

Велошеру “Жолдағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары балалар естіген-көргенді қатарластарына айтады, түсіндіреді деген сенімде.

Жаннұр Бектұрғанова