Петропавлда Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің шәкірттері сурет көрмесін ұйымдастырды. Шара облыс орталығындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде өтті. Көрмеде барлығы 30-ға жуық туынды ортаға қойылды. Оның басым бөлігінде ұлттық аспаптарымыз бен киімдеріміз бейнеленген.
ӘЛИЯ ҒАЛАУТДИН, Е. Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты директорының орынбасары:
— Балаларымыз түрлі халықаралық байқауларға қатысып, топ жарып жүр. Шара жыл сайын ұйымдастырылады.
Көрмеге қойылған суреттердің барлығы көздің жауын алады. Асқан ұқыптылықпен салынғаны көрініп тұр. Дарынды жастардың сөзінше, туындыларды дайындауға 1 айдан астам уақыт кеткен.
ОЛЬГА ЛАТЫШЕВА, Е. Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенті:
— Мен көрмеге жылқының суретін салдым.Бірнеше рет республикалық байқауларда жүлдегер атандым. Үйдегілерімнің барлығы сурет салғанды ұнатады.
Мерейлі Абайдың картинасы басқаларынан өзгеше. Ол қиялына ерік беріп, ауыл тұрмысын бейнелеген. Дарынды жас сурет салумен 6 жасынан айналыса бастаған. Өнер колледжіне келгеніне 5 жылдан асыпты. Болашақта өмірін шығармашылыққа арнамақшы.
МЕРЕЙЛІ АБАЙ, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенті:
— Суретімді көріп, ауылдағы өмірімді еске түсіремін. Болашақта сурет арқылы Қазақстанның әсем жерлерін әлемге паш еткім келеді.
Айта кету керек, көрме 4 күнге жалғасады. Мына картиналар сатылмайды. Басты мақсат – өнер колледжінің шығармашылығын насихаттап, жастарды білім ұясына шақыру.
Нұрасыл Ахмет