Петропавлда үйден өздігінен шығып, адасып кеткен 3 жасар бала ата-анасына қайтарылды. Оқиға 4-маусым күні болған. Анасы жұмысқа кеткен кезінде жұбайы мен екі кішкентай баласы ұйықтап жатады. Бүлдіршін ерте оянып, баспанадан өз бетінше шығып кеткен. 7-ші бағыттағы автобустың кондукторы көшеде қараусыз жүрген балақайды байқап қалып, бірден полицияға хабарласады. Тәртіп сақшылары баланы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізді. Қуанышқа орай, кішкентай “жолаушыға” медициналық көмек қажет болмады. Шенділер бірер минуттың ішінде баланың ата-анасын тауып, хабарласқан. Олар ұлдарын медициналық мекемеден алып кетті. Полицейлер балақайды қараусыз қалдырған әкесіне әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, жеткіншектердің тұрмыс жағдайы тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді