Жаз келді, осы ретте балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізуі басты назарда болуы тиіс. Бұған орай облыстық прокуратурада алқалы жиын өтті. Оған тәртіп сақшылары, төтенше жағдайлар қызметкерлері, білім әрі денсаулық сақтау басқармасының басшылары қатысты. Кездесуде балалардың демалыс мезгіліндегі жарақат алуын болдырмау әрі су айдындарындағы қауіпсіздік жайы сөз болды.
НҰРЖІГІТ САПАРОВ, облыс прокурорының орынбасары:
— Биылғы жылы өңірде 15 бала ажал құшты. Оның 12-і өрт және жол-көлік оқиғасы кесірінен көз жұмды. Тағы 4-еуі өзге де себептермен қайтыс болды. Бұл жаға ұстатарлық статистика, себебі алда әлі жазғы демалыстың 3 айы бар. Осы орайда барлық жауапты органдар профилактикалық іс-шараларды күшейтуі тиіс.
Жыл сайын теріскейде 80 мыңға жуық бала жазғы демалысқа шығады. Олардың басым көпшілігі аптап ыстықта ересектердің қарауынсыз су айдындарына барып шомылатыны жасырын емес. Жалпы, өңірде 2 мыңға жуық өзен-көл бар. Олардың тек 13-інде ғана шомылуға рұқсат етілген.
АРТУР МОЛДАҒҰЛОВ, СҚО бойынша ТЖД бастығының орынбасары:
— Былтыр Уәлиханов және Қызылжар ауданында екі бірдей жасөспірім бала суға батып кетті. Осы ретте ТЖД, полиция қызметкерлері облыстық әкімдікпен бірігіп қауіпті аймақтарды анықтауымыз керек. Ол жерге тиісті ескертулер орнатып, патрульдеу қажет. Осы кезде ғана біз өлім-жітімнің алдын аламыз.
Бұдан соң облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова сөз сөйледі. Оның айтуынша, өңіріміздегі білім беру мекемелерінде профилактикалық жұмыстар ұдайы өтеді.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде жол жүру ережелерін түсіндіретін арнайы курстар өтеді. Мысалы, 1-4 сыныпта бұл сабақ 6 сағаттан өтсе, 5-8 сыныпта 10 сағаттан өтеді. Бұдан бөлек “Адал азамат” тұжырымдамасы аясында облыс мектептерінде күніне 130-ға жуық қауіпсіздік сабағы өтеді. 2025-2026 оқу жылында 15 мыңға жуық сабақ өткізіліп, 80 мыңнан астам оқушы қамтылды.
Іс-шара барысында облыс прокурорының орынбасары Тыныбек Сапаров балалардың жазғы демалысы кезінде профилактикалық іс-шараларды арттыру керек екенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек балалардың қауіпсіздігіне жауапты барлық органдарды осы қауырт маусымда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Ұлан Ыдырыс