Денсаулық сақтау

«Құқықтық дәріхана» – туындаған мәселе шешілетін шара

Петропавлдағы кезекті мәрте «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Оның ұйымдастырылуына облыстық прокуратура мұрындық болды. Шарада құқық қорғау органдарының мамандары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері бірнеше азаматпен тілдесіп, ақыл-кеңес берді, өзекті мәселелерді қағазға түртіп алды.

ОРАЗГЕЛДІ МҰСАФАР, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

— Акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңдарды қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру, сондай-ақ тұрғындарға құқықтық көмек көрсету. Тұрғындар бізбен тілдесе отырып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап ала алады.

Жыл басынан бері өткізілген акциялардың қорытындысы бойынша облыс прокуратурасының бақылауына тұрғындардың 20-дан астам мәселесі алынған. Бүгінде барлығы шешілген. Соның бірі Қызылжар ауданының тұрғынына қатысты. Қоныс аударушылар бағдарламасы бойынша келген азамат тұрғын үй және жәрдемақы алу мәселесімен жүгінген екен.

ОРАЗГЕЛДІ МҰСАФАР, СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:

— Өтініш берушіге сол жерде құқықтық көмек көрсетіліп, мемлекеттік органдардың жұмысы үйлестірілді, сондай-ақ Қызылжар ауданы прокуратурасының қызметкерлері тарапынан сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Нәтижесінде өтініш беруші қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік бағдарламалардың бірі аясында тұрғын үй алды, ал оның жұбайы жұмысқа орналастырылды.

Қазіргі уақытта қадағалаушы орган өкілдерінің бақылауында Петропавл қаласы тұрғындарының 4 мәселесі бар. Жалпы, жыл басынан бері облыс прокуратурасы 21 акция өткізіп, олардың барысында 1 300-ден астам азамат қабылданған.

Жаннұр Бектұрғанова