Спорт

ЕРІК ӘЛІБАЕВ: “Өңірде зілтемір көтеру бағытының дамуы бәсеңсіп қалды”

СҚО-да ауыр атлетиканы дамыту мәселесі белсенді қолға алына бастады. Бұл бағытта кәсіби мамандарды тартып, оларға жергілікті деңгейде қолайлы жағдай жасау ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, өңірге шақыртылған кадрларды алдымен баспанамен қамтып, тұрақтандыру шаралары оң нәтижесін бере бастады. Соның бір мысалы – елордадан ат басын бұрған жас бапкер Ренат Баударбеков. Тәжірибелі маман бүгінде жергілікті спорт мектебіндегі жас буынды баптау жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті.

РЕНАТ БАУДАРБЕКОВ, облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатының аға жаттықтырушысы:

— Спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін Астанада тұрғанмын, бірақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен Петропавл қаласынан пәтер беріліп, туған өлкеме қайта оралдым. Қазіргі таңда осы жерде аға жаттықтырушы болып бапкерлік жұмысқа тұрақтадым. Бүгінде спорт мектебінде 25-тей баланы жаттықтырамын. Шәкірттерімнің арасында Қазақстан чемпиондары, жүлдегерлері және Әлем кубогында қола алған Тұяқов Жанәлі бар. Енді қазіргі таңда дайындықты одан ары жалғастырамыз.

Жаттығу залындағы жүйелі жұмыс пен спортшылардың табандылығы уақыт өте келе дүбірлі додаларда жеңіске жетуге жол ашады. Тәжірибелі ұстаздардан тәлім алған жас спортшылар қазірдің өзінде халықаралық додаларда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастады. Бұл ретте шәкірттердің талантын ұштап, оларды үлкен ареналарға дайындауда бапкерлер құрамының еңбегі орасан.

ЖАНӘЛІ ТҰЯҚОВ, ауыр атлетикадан 2019 жылғы Әлем кубогының қола жүлдегері:

— Темір көтеруге деген ерекше құштарлығым мені ұзақ ізденістен кейін білікті маман – Ерік Кәрімжанұлымен жолықтырды. Мені шәкірт етіп қабылдап, ұзақ уақыт бойы табандылықпен шыңдаған ұстазымның еңбегінің арқасында Әлем Кубогының қола жүлдегері атандым. Осынау биік белесті бағындыруға үлес қосқан және мені додаға зор жауапкершілікпен дайындаған барша бапкерлер құрамына шын жүректен ризашылығымды білдіремін!

Солтүстік Қазақстан облысы – кезінде әлемдік деңгейде атой салған Александр Шпехт, Алина Колиушко, Диана Мұсабекова секілді даңқты зілтеміршілерді түлеткен ауыр атлетиканың үлкен ошағы. Алайда, кейінгі жылдары аймақта бұл спорт түрінің қарқыны бәсеңсіп, ішкі көрсеткіштердің төмендегені байқалады. Ұлттық құрама сапында өңір спортшыларының азаюы көп жылдық тәжірибесі бар ардагер мамандарды алаңдатып отыр.

ЕРІК ӘЛІБАЕВ, спорт саласының ардагері:

— Қазіргі уақытта біздегі ауыр атлетиканың деңгейі, шыны керек, мүлдем төмендеп кетті. Мен қызмет еткен жылдары Қазақстан құрамасында біздің өңірден алты бірдей спортшы болатын, ал бүгінде ауыр атлетикадан ұлттық құрама сапында Солтүстік Қазақстанның бірде-бір өкілі жоқ.

Қалай десек те, аға буынның мол тәжірибесі мен жас бапкерлердің жігері біріккен тұста бұл спорт түрінің қайта жанданары сөзсіз. Басты мақсат – облыстың ауыр атлетика мектебінің бұрынғы даңқын қалпына келтіріп, жаңа чемпиондар тәрбиелеу.

Жангельді Жамалиев