Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

“Ботай. Ғайып ғалам” фильмін түсіру барысы: “Әруақтар үңгірі” әзірленіп жатыр

Петропавлда “Ботай. Ғайып ғалам” фильмінің түсірілімі қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда арнайы топ декорацияларды дайындап, “Әруақтар үңгірі” атты локацияны әзірлеу үстінде. Кинотуындының сценарисі Еркебұлан Әлімжановтың сөзінше, түсірілім орнын дайындауға 1 аптадан астам уақыт кеткен.

ЕРКЕБҰЛАН ӘЛІМЖАНОВ, “Ботай. Ғайып ғалам” фильмінің сценарисі:

— Қазір сіздердің көріп отырғандарыңыз – бұл “Әруақтар үңгірі” дейтін сахна. Бұл үңгірде Солтүстік Қазақстан облысындағы “Ботай” мәдени ошағында табылған жылқының бас сүйегі бар. Ол – мистикаға толы бас сүйек.

Аталмыш локацияда басты рөлдердің бірін сомдайтын актер Слава Никифоров қауіпті трюктердің бірін орындайды.

СЛАВА НИКИФОРОВ, актер:

— Мен Сергей есімді кейіпкердің рөлін сомдаймын. Ол – фильмдегі ең басты тұлғаның бірі. Сергей киноның ортасына қарай қаһарманға айналып, барлығын құтқаратын болады. Қазіргі локацияда мен ең қауіпті әрі күрделі трюктердің бірін сақтандырусыз орындайтын боламын.

Айта кетейік, бүгінде фильмнің 30 пайыздан астамы таспаланған. Қазіргі таңда Петропавлда 5-ке тарта локация бар екен, оны түсіруге 1 айға жуық уақыт кетеді. Бұдан кейін түсірілім тобы Айыртау ауданындағы Имантау, Шалқар курорттық аймақтарына аттанады.

Ұлан Ыдырыс