Қоғам

Терек мамығынан аллергия туындамайды – дәрігер пікірі

Күн жылынғанда көшеде көзі жасаурап, мұрны бітеліп, тоқтаусыз түшкіретін адамдар көбейеді. Көбі бұның себепшісі ақ көрпешедей төселген терек мамығы деп ойлады. Алайда, бұл қате түсінік. Дәрігерлердің айтуынша, ұлпа аллергия қоздырғышы бола алмайды. Шын мәнінде, ауруды қоздыратын – мамыр айынан тамызға дейін гүлдейтін дала шөптерінің тозаңы.

АЙНУР БЕЙСЕНОВА, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының пульмонолог-аллерголог дәрігері:

— Жазғы маусымда дала шөбі гүлдейді, кейін арамшөптің гүлдену кезеңі басталады. Яғни, мамырдан бастап күзге дейін аллергиясы бар жандарға тыныштық жоқ. Жағдайды бақылап отырамыз. Өзгеріс байқалады. Жыл артқан сайын дерттің таралу деңгейі де, түрі де күрделеніп барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл дерт таралу қарқыны бойынша бүкіл әлемде бірінші орында тұр. Соңғы 5 жылда Қазақстанда аллергиясы бар адамдардың саны 40-тан 80%-ға дейін өскен. Өсім балалар арасында да байқалады. Оларға ауру құрсақта жатқанда-ақ беріледі. Сондықтан, ананың өмір салты аса маңызды. Әдетте 3 айлық сәбилерде тері аллергиясы белең алса, 3 жастан асқандар тыныс жолдарының бітелуіне ұшырайды. Сондай-ақ, аллергияға шалдығуға азық-түлік, ауылды аймақтан қалаға көшу, антибиотикті тым жиі қолдану немесе климат та себеп бола алады.

АЙНУР БЕЙСЕНОВА, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының пульмонолог-аллерголог дәрігері:

— Коронавирус көп адамның иммундық жүйесіне қатты соққы берді. Ал аллергия адамның иммундық жүйесінің әлсіреуінен пайда болады. Ол кез келген жаста шығуы мүмкін. Тіпті, бұған дейін ауруға шалдықпаған адамдарда кенеттен аллергияның бас көтеруі ғажап емес. Дерт эмоционалды күйзелістің әсерінен де байқалып, асқынып кетуі әбден мүмкін. Ағза гүлдер, цитрусқа немесе мысық жүніне агрессивті жауап қайтара бастайды.

Шыққан дерттің 90% жағдайында беті қайтпайды. Керісінше, ағзаның онымен күресуі қиындап, аллергендердің саны көбейеді. Тыныс жолдарына әсер ететін аллергия уақыт өте келе демікпеге де ұласуы мүмкін. Өз кезегінде мамандар ауру шыққан жағдайда дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгінуге шақырады.

Жаннұр Бектұрғанова