Петропавлда түн ортасында төрт жас жігіт Уәлиханов көшесіндегі аялдама павильонын теуіп, қатты шулап, былапыт сөздер айтқан. Жасөспірімдердің бұл әрекеттерін шаһар тұрғындарының бірі бейнежазбаға түсіріп алған. Аталмыш фактіні теріскейілік тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерде жүргізген мониторинг барысында анықтады. Тексеріс нәтижесінде павильонға зақым келмегені белгілі болды. Топтағы жалғыз кәмелетке толған азамат 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қалған жасөспірімдер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды, ал олардың заңды өкілдері ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны және балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргені үшін жауапқа тартылды.