Демалыс күндері Петропавлда триатлон мен дуатлоннан ҚР чемпионаты өтті. Оған еліміздің түрлі өңірінен келген 200-ге жуық спортшы қатысты. Сайыстың бірінші күні 13-15 жас аралығындағы дуатлоншы ұл-қыздар бақ сынады.
ЮРИЙ ГРИНЕВ, чемпионаттың бас төрешісі:
— Чемпионат барысында дуатлоннан тек 13-15 жас аралығындағы ұл-қыздар сайысады. Ал триатлон аралас эстафета түрінде өтетін болады. Оған ересектер, 19 және 15 жасқа дейінгілер арасындағы спортшылар қатысады. Олар 250 метрді жүзіп өтіп, 6,6 шақырымды велосипедпен бағындырады, содан кейін 1,6 шақырымға жүгіреді. Жалпы, сайыстың деңгейі өте жоғары. Спортшыларға барлық жағдайы жасалған. Алдағы уақытта Петропавлда бұданда да ауқымды додалар өтеді деп үміттенемін.
Бірінші жарыс жолына қыздар шықты. Олар сайыстың 3 кезеңінен өтуі тиіс. Яғни, 1000 метр жүгіріп, кейін велосипетті тізгіндеп, 8 шақырымды артта қалтыру керек. Кейінгі дода – тағы 2 шақырымға жүгіру. Төзімділік сыналатын бәсекеде көкшетаулық Полина Степченко топ жарды. Ол дуатлонмен 5 жылдан бері айналысады.
ПОЛИНА СТЕПЧЕНКО, спортшы:
— Біз сайысқа ұзақ дайындалдық. Қарсыластарым мықты екен. Соңына дейін күрестік. Жарыстың ең қиын бөлігі – соңғы 2 шақырымдық спринт. Бірақ. төзімділіктің нәтижесінде жеңімпаз атандым. Өте қуаншытымын.
Кезек чемпионаттың ресми ашылу салтанатына келді. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Оның сөзінше, триатлон мен дуатлон – біздің өңір үшін жаңа спорт түрлері. Сол себепті дамыту қажет. Қуанышымызға орай, алғашқы қадамдар бар. Биылғы чемпионат болашақ Триатлон-парк құрылыс жүріп жатқан Пестрое көлінің жағасында өткізіліп отыр.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Қазіргі таңда облыста 2197 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Теріскейде салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қатары да артып келеді. Қазіргі күні өңірде 227 мың адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл облыс халқының 44 пайызын құрайды. Аталмыш көрсеткішті арттыру үшін осы сынды ауқымды чемпионаттарды жиі өткізу керек. Сол кезде өңір тұрғындары одан әрі спортқа қызығатын болады.
Айта кетейік, триатлоннан ересектер және 19 жасқа дейінгілер санатында Астана қаласының өкілдері топ жарды. Ал 15 жасқа дейінгілер арасында Ақмола облысы үздік атанды. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға жүлделер табысталды.
Ұлан Ыдырыс