Қоғам

Өңірдегі ветеринария саласының дамуы

Қызылжар ауданы Якорь ауылындағы ветеринарлық пункттің қолданысқа берілгеніне жарты жылдан асты. Мұнда 40 жылдан астам тәжірибесі бар мал дәрігері Ғабит Мусин жұмыс істейді. Білікті маманның сөзінше, саланың өткені мен бүгінін салыстыру мүмкін емес. Ол бәрінен бұрын ірі қара мен жылқыны жылдам вакциналауға мүмкіндік беретін станоктың орнатылғанына разы.

ҒАБИТ МУСИН, Якорь ауылдық округінің мал дәрігері, Қызылжар ауданы:

— Бұрын әр үйге барып, малдарына вакцина салатынбыз. Қазір тұрғындар өздері келеді. Бір ауылдың малына вакцина егуге 2 сағат қана уақытымыз кетеді.

Нысанда жануарларды тексеруге және емдеуге арналған барлық заманауи жабдық бар. Түрлі препаратты сақтайтын тоңазытқышпен де қамтылған. Мал дәрігері жануарлардан сынама алғаннан кейін нәтижесін бірден “Tort Tulik” жүйесіне енгізеді. Тиісінше, тұрғындар малдарының денсаулығы жайлы ақпаратты үйде отырып көре алады.

ЕРБОЛ БӘГЕНОВ, Қызылжар ауданы ветеринария станциясының директоры:

— Ауданда 40 мың бас ірі қара, 32 мың – қой, 10 мың бас жылқы бар. Құстардың саны 3 млн-нан асып жығылады. Биыл ауданға 7 ветеринарлық пункт сатып алынады.

Қазіргі таңда облыста 430-дан астам мал дәрігері жұмыс істейді. Салада кадр тапшылығының бары да жасырын емес. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ауқымды жұмыс атқармақ.

АРМАН ЕЛЕУКИН, СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

— Биыл ауылдарға 57 ветеринарлық пункт сатып аламыз. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Алдағы уақытта мал дәрігерлерінің жалақысы өседі. Қауіпті аурулардың алдын алу үшін құстарға вакцина ектік. Ірі қаралардың барлығын тексеріп, бруцеллездің бар-жоғын анықтадық.

“Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді” деген бар. Жауапты сала өкілдерінің пікірінше, саланы қолдау – тұтас қоғамның саулығы, мемлекеттің алға нық қадам жасағаны.