СҚО әкімдігі

Олжас Бектенов: “Гидротехникалық нысандардың құрылысы уақытылы аяқталуы тиіс”

Үкімет басшысы Олжас Бектенов облысқа жасаған сапары аясында су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралармен танысты. Соңғы 2 жылдың ішінде аймақта ұзындығы 24 шақырымнан асатын қорғаныс бөгеттері салынып, қайта жаңғыртылған. Маңызды іске 14 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ондаған ауыл мен мыңдаған тұрғын тілсіз жаудан аман қалды. Премьер-министр жауаптыларға жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды. Айта кету керек, қазіргі таңда Қызылжар ауданы Прибрежное ауылын Петропавлмен байланыстыратын жол өткелі салынып жатыр.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

— Прибрежное ауылында 1500 адам тұрады. Тұрғындар су тасқыны кезінде елдімекеннен шыға алмайды. Сондықтан жол өткелін салуды жөн көрдік. Нысанның ұзындығы 72 метрді құрайды. Жоба құны – 4 млрд 400 млн теңге. Маңызды іс 2027 жылдың соңында аяқталады.

Кейін Олжас Абайұлы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында болды. Қазіргі таңда мұнда 21 жоба жүзеге асырылуда. Үкімет басшысы ағашты терең өңдейтін, көтергіш-көлік жабдықтарын өндіретін және саңырауқұлақ пен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Танысу барысында облыстық әкімдікке инвесторларға бар жағдайды жасауды тапсырды.

АЙВАЗ БАКИРОВ, “Nord Panels” ЖШС атқарушы директоры:

— Зауыт 2024 жылы қолданысқа берілді. 300 адамды жұмыспен қамтыдық. Кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр дайын фанер өндіре алады. Өнімді Еуропа елдеріне экспорттаймыз. Сонымен қатар, Қазақстандағы жиһаз жасайтын бірнеше кәсіпорынмен келісімшартқа отырдық.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 1 трлн 1 млрд теңгенің 64 жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорындар қолданысқа берілгеннен кейін 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

 

Нұрасыл Ахмет