СҚО әкімдігі

Премьер-Министр Олжас Бектенов Есіл ауданында болды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Бағдарлама аясында Үкімет басшысы Есіл ауданындағы «Атамекен Агро Корнеевка» серіктестігінің жұмысымен танысты. Сапар барысында оған өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов 2025 жылғы ауыл шаруашылығы саласының қорытындылары мен биылғы жылдың алғашқы екі тоқсанындағы нәтижелер туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде салада тұрақты өсім байқалады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 285 млрд теңгеге жуықтаған.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Бүгінде облыстағы 118 сүт-тауарлы фермасының 50-і заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үрдісін ескере отырып, өңірде ірі мегафермалар салу қолға алынды. Соның жарқын мысалы – «Зенченко және К» серіктестігінің 8 мың басқа арналған кешені. Мұнда 90 басқа есептелген сауу залы қарастырылған. Кәсіпорын жыл сайын 38 мың тонна сүт өндіруде қазіргі таңда.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, өңірдегі сүтті мал шаруашылығын дамытудың тағы бір жарқын үлгісі – Мағжан Жұмабаев ауданында салынып жатқан «СК Агро 2050» серіктестігінің мегафермасы. 10 мың бас ірі қараға арналған кешен іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі сүт-тауарлы фермалардың біріне айналмақ. Жоба аясында жылына 40 мың тоннадан астам сүт өндіру көзделген. Кәсіпорынды пайдалануға беру биылғы шілде айына жоспарланған. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Алғашқы жоғары өнімді сиырлар Германиядан жеткізілді. Ал «Атамекен-Агро Корнеевка» серіктестігінің сүт-тауарлы фермасы 2024 жылы пайдалануға берілген. 2,5 мың бас ірі қара малға арналған кешен бүгінде толық қуатта жұмыс істеп тұр. Мұнда Еуропадан әкелінген голштин-фриз тұқымды сиырлар өсіріледі. Заманауи ферма автоматтандырылған азықтандыру және климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл малға жайлы жағдайда күтім жасап, одан алынатын өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

АЛЕКСАНДР ФАДЕЕВ, «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

— Жоба жалпы мемлекеттік қолдау аясында, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жүзеге асырылды. Қаржыландырудың 3 млрд теңгесі мемлекеттік қолдау есебінен бөлінсе, тағы 10 млрд теңге кәсіпорынның өз қаражаты болды. Серіктестікте күн сайын өндірілетін барлық сүт Солтүстік Қазақстан облысындағы өңдеу зауыттарына жөнелтіледі.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында жылына 10 мың тонна өнім өндіретін «Петропавл бройлері» серіктестігінің ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр. Марат Тасмағанбетов бұл жоба құс еті бойынша импортты алмастыру мәселесін толық шешуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Бүгінде өңірде жылына шамамен 600 млн жұмыртқа өндіретін алты құс фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, шошқа шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Тайынша ауданында еліміздегі ең ірі «EMC Agro» шошқа кешені жұмыс істеп тұр.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Бүгінде осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өндіру көлемі 22,5 пайызға артты. Қазіргі таңда облыстың етке деген қажеттілігі 100 пайызға толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «EMC Agro» кешенінің іске қосылуының арқасында алғаш рет шошқа етін сыртқы нарықтарға экспорттау мүмкіндігі пайда болды.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында алты құрамажем зауыты табысты жұмыс істейді. Олар жыл сайын 2 млн тоннадан астам жем өнімін өндіреді. Саладағы ең ірі жобалардың бірі – жылына 750 мың тоннаға дейін астық өңдейтін Новоишим ұн комбинаты мен құрамажем зауыты. Мұнда өндірілетін жемдік ұн ішкі нарықта ғана сұранысқа ие болып қана қоймай, Қытайға да экспортталады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Қазіргі таңда экспортқа бағытталған жемдік ұн өндірумен қатар, кәсіпорындар май өңдеу зауыттарынан кейін алынатын премикстер мен күнжараларды да пайдаланады. Осылайша, мал шаруашылығын дамытуға арналған инвестициялық жобалар үшін сапалы құнарлы жем өндірілуде. Соның нәтижесінде өңір сапалы мал азығымен толық қамтамасыз етілген. Жаңа қуаттардың іске қосылуының арқасында өткен жылы жалпы 1 млн тонна жем өнімін өткізуге қол жеткізілді.

Кездесу барысында өңірдегі цифрлық экономиканы дамыту мәселелері де талқыланды. Бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы Руслан Әлішев баян етті.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Солтүстік Қазақстан креативті орталығы мен SKO Hub бүгінде нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы бір жарым жыл ішінде 3 мыңнан астам азамат цифрлық дағдыларға оқытылды. Креативті орталықтың аясында 100-ден астам резидент жұмыс істеп, олар 30 стартап жобаны жүзеге асыруда. Ал 2025 жылдың қорытындысына тоқталсақ, СҚО бойынша Astana Hub резиденттерінің жалпы табысы 3 млрд теңгеден асты.

Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ірі агроөнеркәсіптік өңір болғандықтан және халықтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратындықтан, өңірде Digital Aimaq пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба ауыл тұрғындарының цифрлық технологияларға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында IT-орталықтар тек аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да ашылуда. Бүгінде өңірде үш ауылдық IT-орталық жұмыс істейді. Соның бірі – Қорнеевка ауылындағы орталық, ол еліміздегі алғашқы осындай жоба ретінде іске қосылған. Жыл соңына дейін желіні кеңейту жоспарланған. Тағы сегіз ауылдық және үш аудандық IT-орталық ашу көзделіп отыр.