Дәл бүгін, яғни маусымның 5-ші жұлдызында белгілі ақын, журналист, публицист Есләм Зікібаевтың көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. Осыған орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Өлеңмен өрілген ғұмыр” атты еске алу кеші өтті. Іс-шара барысында қонақтарға жерлесіміздің өмірінен сыр шертетін суреттер, бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ, ақынның зайыбы Рауза Бәкірқызының Алматы қаласынан жолдаған жүрекжарды лебізі тыңдалды.
ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:
— Мен ол кісімен талай рет кездестім, әңгімелестім. Сол кезде шығармаларын да оқыған едім. Ол кісі – мықты ақын. Оның жырларын жастарымыз сүйіп оқуға тиіс. Оның жырлары Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев сынды ақындардың туындыларынан кем емес.
Бүгінгі еске алу кешіне Есләм Зікібаевтың туған қарындасы Сәния Зікібаева да келді. Кейуананың сөзінше, олар әкелерінен ерте айырылған. Ел сыйлаған Есләм әке орнына әке, аға орнына аға болған екен.
СӘНИЯ ЗІКІБАЕВА, Есләм Зікібаевтың қарындасы:
— Ол кезде өзі де бала еді. Өлеңінде өзім бала болып, артымнан ерген балаларды бақтым дейді. Өте қамқор аға болды.
Айта кетейік, іс-шара барысында қонақтарға “Самал жырдың шебері” атты кітап көрмесі ұсынылды. Меймандар Есләм Зікібаевтың еңбектерімен жақынырақ таныса алды.