Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыстық әкімдікте Үкімет басшысының төрағалығымен кеңес өтті

Облыстық әкімдікте Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың төрағалығымен кеңес өтті. Келелі кездесуде көктемгі дала жұмыстары қорытындыланды. Науқан жайлы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

— Нәтижеге жетудің басты факторы – болашақ егістіктің негізін қалайтын егіс науқанын уақытылы және сапалы аяқтау болып табылады. Бүгінгі таңда республика бойынша көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталды. Жалпы, егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға артық. Дәнді және бұршақ дақылдары 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар 4,3 млн гектарға, бақша дақылдары 211 мың гектарға, картоп 132 мың гектар және мақта 162 мың гектарға егілді. Сонымен қатар, егіс алдында барлық қажетті жұмыстар уақ ытында және толық көлемде жүргізілді.

Мұндай ауқымды жұмыстың сапалы әрі жылдам аяқталуына мемлекеттің септігі тиді. Үкімет қомақты қаржы бөліп, диқандарға демеу берді. Биылғы қолдау арқаны кеңге жайғызады.

РУСТАМ ҚАРАҒОЙШИН, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы:

— 2026 жылғы егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, өткен жылдың соңынан бастап егін шаруашылығын несиелендіруді есепке отырып, 750 млрд теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланған. Бірінші кезекте ақшалай қамтамасыз ету үшін несиелендірудің түрлі баламалы жолдары қолданылды. Қазіргі уақытта шамамен 6,8 млн гектар жерді қамти отырып, 573 млрд теңге көлеміндегі қарыздар беріліп отыр. Оның ішінде СҚО-да 1,5 млн гектардан астам егістің егілуіне шамамен 108 млрд теңге берілді. Қажетті кепілдікпен қамтамасыз ету үшін “Даму” қоры тарапынан 232 млрд теңге сомасына 1,7 мың кепілдік берілді. Бұл кепілдіктерге 273 млрд теңге сомасында несие алу мүмкіндік берді және жалпы несиелеу көлемін 48 пайызға ұлғайтты.

Ауыл шаруашылығы саласында өңіріміз ойып тұрып орын алатыны белгілі. Облыста әр метрі ат басындай алтыннан артық алқаптардан жылда мол өнім жиналады. Биылғы науқанның көрсеткіштерін аймақ басшысы баян етті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі егіс жұмыстары сәтті аяқталды. Жалпы, егіс алқабы 4 млн 300 мың гектарды құрады. Егіс құрылымын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар алқабы 100 мың гектарға қысқарып, 2 млн 900 мың гектарды құрады. Майлы дақылдар алқабы екі жыл қатарынан 1 млн гектар деңгейінде сақталып отыр. Азықтық дақылдар 405 мың гектарға себілді. Картоп (8 мың 600 гектар) пен көкөніс (1 мың 400 гектар) алқаптары өткен жылғы деңгейде қалды. Бүгінгі таңда 350 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді, вегетация кезеңінде тағы 50 мың тоннаға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр.

Ауқымды шаруа атқарылды. Диқандарымыз дән риза. Олар мемлекеттің тиісті деңгейде көңіл бөлгенін, тиімді шарттар ұсынғанын марқая айтып жатыр.

ОЛЖАС ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық” ЖШС директоры:

— Мемлекет тарапынан біз жыл сайын кредит алып отырамыз. Президент бағдарламасы – «Ауыл аманаты» бойынша көктемгі жұмысқа желтоқсан айынан бастап кредит беріле бастады. Соны пайдаланып, 5 пайызбен берілетін кредитті алып, жұмыс істеп жатырмыз. Субсидияны сүтке аламыз, 1 литр сүттен 45 теңгеден субсидия беріледі.

Диқандардың еңбегі, мемлекеттің қолдауы жетістікке жетелейді. Дегенмен, егіннің бітік шығуы ауа райына тікелей байланысты. Келесі кездесу барысында жиналғандар болжамнан хабардар болды.

ЖОМАРТ ӘЛИЕВ, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

— Алдағы жаз айлары мен күздің басында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары, яғни ыстық болады деп күтілуде. Шілдеде солтүстік өңірлерде жауын-шашын мол болса, орталық пен оңтүстік-батыста тамыз бен қыркүйек айларында ылғал тапшылығы байқалады. Дегенмен, негізгі астықты аймақтарда ауа райы ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен өнімнің пісіп-жетілуіне өте қолайлы болмақ. Тіпті күзгі жиын-терім науқанында да күн райы жылы әрі жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде сақталады деп болжануда.

Жиын барысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов игерусіз жатқан жерлерді қайтару жайын тілге тиек етті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

— Мемлекет қолдауын алып, жерді босқа ұстап отырған жандарға қатысты ұстаным қатаң – ондай жерлерді мемлекетке қайтарып алу жұмысын жеделдету керек. Алдағы уақытта мемлекеттік көмек алған әрбір бизнес қарымта міндеттеме ретінде нақты жұмыс орындарын ашуға және ауылды дамытуға міндеттеледі.

Жиында Қазақстан Орталық және Шығыс Азия елдері арасында аусыл ауруынан таза ел мәртебесін алған жалғыз мемлекет екені атап өтілді. Бұл отандық өнімдердің экспорттық әлеуетін айтарлықтай кеңейтіп, жаңа шетелдік нарықтарға жол ашады. Облыстық әкімдіктегі жиыннан соң Үкімет басшысы Олжас Бектенов “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында болды және Прибрежное ауылын қаламен байланыстыратын көпірдің құрылысымен танысты.

Жангельді Жамалиев