Ағымдағы жылдың алғашқы күнінен елімізде жеке тұлғалардың банк шоттарына басқа азаматтардан түсетін ақшалай аударымдарды бақылау күшейтілді. Салық кодексіне сәйкес, егер азаматтың есепшотына кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар қаражат жиі аударылса, қаржы ұйымдары бұл мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Аталған талаптың өзіндік нақты критерийлері бар.
АЙДАНА ЕРКІН, Петропавл қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы:
— Егер азаматтың банк шотына 3 айдың ішінде әртүрлі тұлғалардан 100 және одан да көп аударым жасалса, сондай-ақ осы 3 айда аударымдардың жалпы сомасы 1 млн 20 мың теңгеден, яғни 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен асатын болса, бұл мәліметтер салық органдарына ұсынылады. Мемлекеттік кірістер органдары келіп түскен мәліметтерге тиісті талдау жүргізеді.
Егер заң бұзушылық немесе сәйкессіздіктер анықталса, салық төлеушіге екінші деңгейдегі банк қосымшалары арқылы арнайы “push-хабарлама” жіберіледі. Бұдан бөлек, азаматтардың жеке кабинетіне алдын ала ақпараттандыру хабарламасы мен камералдық бақылау нәтижелері бойынша ресми ескертулер жолданады. Сала мамандары кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады