Петропавлда 2015 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Жарысқа еліміздің 20 өңірінен келген 200-ден астам спортшы жиналды. Чемпионатта ұлдардан құралған – 19, қыздардан жасақталған 16 команда жеңіс үшін таласуда.
РУСЛАН ҚОЖАЕВ, Үстел теннисі орталығының басшысы:
— Бұл чемпионат біздің өңірде алғаш рет өтіп жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта осындай республикалық жарыстарды тұрақты түрде ұйымдастырсақ деген ниетіміз бар. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Турнирге қатысушылардың арасында өз өңірлерінде үздік нәтиже көрсеткен спортшылар бар. Сондықтан, әр кездесу тартысты өтуде. Жас спортшылар үшін бұл – тек медаль ғана емес, тәжірибе жинап, шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндік.
ҚАЙЫРХАН ЛУЛАЕВ, жарысқа қатысушы, Түркістан облысы:
— Үстел теннисімен үш жарым жылдан бері айналысып келемін. Бұл чемпионатқа Сарыағаш қаласынан келдім. Жарысқа тыңғылықты дайындалдық, күн сайын жаттығу жасадық. Чемпионаттағы басты мақсатым – Қазақстан чемпионы атану.
Жарыс жексенбіге дейін жалғасады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер командалық және жекелей сында анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталады.