Бұл – тарихи күн, бұл – ел өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың 15-ші жұлдызына белгіленген референдумның қорытындысы шыққаннан кейін жаңа Ата заңымызға және Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойып жатыр. Саяси маңызды құжат қазақстандықтардың таңдауымен жарық көрді.
Иә, «Жеті жарғының» жалғасы саналатын ардақты Ата заңымыз халықтың келісімі, таңдауы бойынша өмірге келді. Конституцияны қабылдау үшін өткен референдумға 9 млн-нан аса отандасымыз қатысты. Соның 87,15% немесе 8 млн-ға жуығы саяси өзгерістерді қолдап, дауыс берді. Ел өміріне, болашағына бейжай қарамайтын тұрғындарға Президент алғыс білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!
Еліміз жаңа саяси кезеңнің қарсаңында тұр. Солтүстікқазақстандықтар өзгерістерді, су жаңа Ата заңды қолдайды.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ Басқарма төрағасы-Ректоры:
— Жаңа Ата Заңда білім, ғылым және инновация елімізді дамытудың ең басты стратегиялық бағыты деп танылды. Бұл несімен тиімді? Енді мемлекет салаға бұдан көп көңіл бөледі. Нәтижесінде өмірге тың жобалар келеді, қолдауға аса мұқтаж оқытушылар, ғалымдар жаңалық әкеледі. Бұлай сенімді түрде айта аламын. Мысалы, 2021 жылмен салыстырғанда білім саласын қаржыландыру 10 есеге артты. Қазір Қозыбаев университеті жарқын жетістіктерге жетіп жатыр. Бізді кемел болашақ күтіп тұр.
БОЛАТ ҚОЖАХМЕТОВ, қоғам белсендісі:
— Жаңа Ата заңға сәйкес Қазақстанда “Құрылтай”, “Халық кеңесі” құрылады, Вице-Президент лауазымы пайда болады, отбасы институтына өзгерістер енгізіледі. Бұлардың барлығын саралап шықтық. Оң тұстарын ғана көріп отырмыз. Бастысы – бұлардың барлығы халықтың келісімі, дауыс беруі бойынша қабылданды. Мемлекет халықпен санасады. Бұл – биліктің бұқараға жақындығының бір белгісі.
Халық Конституциясы ондаған күнде, бірнеше айда жазылған жоқ. Басты құжаттың жобасы 2 жыл бұрын пысықтала бастаған екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, жаңа Ата заң – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі.