Қоғам

СҚО-да Мемлекеттік рәміздер күні 9 полиция қызметкерінің шені өсті

Теріскейлік полиция қызметкерлері Мемлекеттік рәміздер күнін салтанатты сап түзумен қарсы алды. Тәртіп сақшылары департаменттің бас алаңында жиналып, Көк байрақ пен Елтаңбаның алдында Әнұран орындалды. Сондай-ақ, шара барысында қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп, қызметте қырағылық танытқан бірқатар маманның еңбегі еленді.

Бұл күні 9 бірдей қызметкерге арнайы шендер табысталды. Петропавл қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы Талғат Төлеков өзінің алғашқы офицерлік шенін алып, “кіші лейтенант” атанды. Ал жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Марат Сатывалдин полиция полковниктерінің қатарын толықтырды. Одан бөлек, екі бірдей нәзікжанды подполковник атағын иеленді.

Салтанатты жиын соңында полицейлер мемлекеттік рәміздердің алдында салтанатты шерумен өтіп, күнделікті қызмет атқару орындарына тарады.