Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Мемлекеттік рәміздерімізге – 34 жыл

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

—Тұғырлы ту, еңселі Елтаңба мен әуелеткен Әнұран. Бүгін – Қазақстан Республикасының рәміздері күні. Егемендігіміздің нышандары осыдан тура 34 жыл бұрын қабылданған еді. Мерекеге орай Петропавлда ауқымды іс-шаралар өтуде.

Петропавлда мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде атап өтілді. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына мыңнан астам Ту таратылды. Әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі орталық алаңға жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, рәміздеріміздің ел үшін маңызына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ту, Елтаңба, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің белгісі ғана емес, халқымыздың тарихы мұрасының көрінісі. Егемендігіміздің нышандарында қазақтың мақсат-мұраты айқын көрсетілген. Өз рәміздері бар ел ғана Тәуелсіз болып табылады.

Салтанатты шарада өңіріміздің дамуына зор үлес қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұстаздар марапатталды. Құрметке бөленгендердің арасында Есіл ауданындағы Петровка орта мектебінің мұғалімі Серғали Аяғанов та бар. Білікті маманның білім саласында тер төгіп жүргеніне 35 жылдан асқан. Бүгін оған Мемлекет басшысы атынан “Құрмет” ордені табысталды.

СЕРҒАЛИ АЯҒАНОВ, Петровка орта мектебі физика және информатика пәндерінің мұғалімі, Есіл ауданы:

— Бар білгенімді басқаға үйреткенді жақсы көремін. Шәкірттерім менен асып түскенін қалаймын.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттік бренд қана емес, болмысымыздың көрінісі. Бір ғана Елтаңбаның әр деталі Қазақстан деп айқайлап тұрғандай. Онда бейнеленген шаңырақ -лімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін көрсетеді. Ал Тудың өзіңде қаншама мән-мағына жатыр.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

— Көгілдір түс – ашық аспан, күн даму мен өркендеуді бейнелейді. Қыран құс – бостандық, ал ою-өрнек ұлттық болмысымызды көрсетеді.

Думанды шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Көрерменге ән мен жырдан шашу шашылды. Бұл – жай ғана мереке емес, егемендік символдарына деген құрметтің көрінісі. Біз Тәуелсіздік нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.

Нұрасыл Ахмет