Жаздың алғашқы айы басталысымен Петропавл көшелерін ақ ұлпа басты. Бұған біреу қызыға қарайды, ал біреу жақтырмайтын кейіп танытады. Оның себебі түсінікті. Тез тұтанғыш терек мамығы кез келген сәтте лап ете түсуі мүмкін. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға барынша сақ болуды ескертеді. Ал мамықты ермек үшін өрттегендер заң алдында жауап береді.
ТИМУР ГУСЕВ, қалалық ТЖБ аға анықтаушысы:
— Мамықты өрттегені үшін жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Бизнес субъектілері үшін айыппұл көлемі кәсіпкерлік санатына байланысты тағайындалады. Сондай-ақ, егер жеке немесе заңды тұлғаларға қандай да бір зиян келтірілсе, кінәлілер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мамық тұрғындардың денсаулығына да қауіпті. Осы кезеңде аллергиясы бар адамдар қиналады. Тұрғындар ағаштарды біржола кесуді талап еткенімен, мамандар мұндай шұғыл қадамға баруға болмайтынын айтады. Өйткені, терек – қала ауасын шаң мен улы газдан тазартатын негізгі табиғи сүзгі. Тығырықтан шығар жол бар. Ол – жасыл желек қорын мамық шығармайтын арнайы сұрыптармен алмастыру.
ТИМУР ЗВЕРЯЧЕНКО, дендролог:
— Қаланы жасылдандыруда теректің экологиялық маңызы өте зор, өйткені ол шаң мен зиянды газдарды жақсы сіңіреді, шуды азайтады. Бірақ тұрғындар үшін оның мамығы қолайсыздық тудырып, қауіпсіздікке нұқсан келтіретіні жасырын емес. Осыған байланысты жасыл желек қорын жаңартуда мамық бөлмейтін арнайы түрлеріне көшу қажеттілігі туындап отыр. Бұл мақсатта орман шаруашылықтарында өнімділігі жоғары көшеттерді өсіру қолға алынуда.
Жасыл қорды жаңарту – уақыт еншісіндегі шаруа. Ал қазіргі уақытта мамандар қарапайым ережені ұмытпауды сұрайды: кішкентай ұшқын үлкен апатқа әкелуі мүмкін, сондықтан қауіпсіздік – ең басты міндет.
Жангельді Жамалиев