СҚО әкімдігі

Қызылжар ауданында төрт ауылдық округ әкімі бірдей қателік жасаған

Облыстық мәслихатта әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолы Қызылжар ауданының 4 бірдей ауылдық округ әкімі бір оқылық жібергені үшін үстерінен тәртіптік іс қозғалды. Билік өкілдері өздерінің ауылдарында ашылуы тиіс мал өлексесі көмілетін жердің сметалық құжатына дұрыс назар аудармаған. Прокуратура анықтағандай арнайы ветеринарлық-санитарлық орын профильді қаңылтырмен қоршалған екен, ал құжаттама бойынша ол басқа материалдан салынуы тиіс.

СҰЛТАНБЕК СӘКІБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

— 2025 жылы Рощинск, Соколовка, Асаново, Қызылжар ауылдық округі әкімдіктері жеке кәсіпкерлермен мемлекеттік сатып алу бойынша келісім-шартқа қол қойған. Жеке кәсіп иелері арнайы ветеринарлық-санитарлық орын ашып, оның айналасын қоршауы тиіс. 4 бірдей ауылдық округ әкімі жекелей алғанда құны 6 млн 800 мың теңге болатын сметалық құжатқа қол қойған. Биыл мал қорымы дайын болғаннан кейін прокуратура тексеріс барысында бір олқылықты байқайды. Яғни, құжатқа сәйкес арнайы орын профильді қаңылтырмен емес, темір тормен қоршалуы тиіс.

Кейін кеңес мүшелері өздерінің алаңдатқан сұрақтарын қойып, мәселені жан-жақты қарастыруға тырысты. Өз кезегінде кінәлі деп танылған әкімдердің бірі Раслан Аитов бұл айыптаумен келіспейтінін жеткізді.

РУСЛАН АИТОВ, Рощинск ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

— Бұл жерде жобаны жасаушы маман қателескен. Ол сметалық құжатта арнайы орын темір тормен қоршалуы тиіс деген. Бірақ бұл ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен санитарлық ережесіне қарама-қайшы келеді. Арнайы ветеринарлық-санитарлық орын профильді қаңылтыр сынды жабық әрі ауа өткізбейтін материалмен қоршалуы тиіс.

Ауылдық округ әкімінің сөзінен кейін Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері өзге тараптарға да құлақ түрді. Отырыс қорытындысы бойынша 4 ауылдық округ әкіміне қызметтік сәйкессіздік туралы ескерту жасау туралы ұсынылды.

 

Ұлан Ыдырыс