“Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” акциясы аясында Петропавл қаласының орталық алаңында ауқымды флешмоб өтті. Оның басты мақсаты – халықтың назарын өзекті мәселеге аударып, көрсетілетін күштің, қысымның алдын алу. Ауқымды іс-шараға ұйытқы болып отырған – қалалық жастар ресурстық орталығы.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Флешмоб барысында жастар халықтың назарын зорлық-зомбылық мәселесіне аударуға тырысады. Бұл – өте өзекті проблема. Бұған қоғам бейжай қарамауы қажет. Осыған байланысты біз жыл басынан бері 15-ке тарта іс-шара өткіздік. Алдағы уақытта бастамалар өз жемісін береді деген ойдамыз.
Флешмобқа 150-ге тарта адам қатысты. Олардың қатарында Ю Бавыка бар. Петропавл қаласында туып-өскен нәзікжанды қазіргі таңда Австралияда тұрады, сол елдің азаматшасы. Кіндік кескен жеріне саяхаттап келген екен.
Ю БАВЫКА, флешмобқа қатысушы, Австралия:
— Мен Петропавлға бүгін келдім. Бұған дейін Алматыда болдым. Орталық алаңда халықтың қарасы қалың екенін көріп, келіп отырмын. Ауқымды флешмоб өтіп жатыр екен, қатысуға шешім қабылдадым. Жалпы, Австралияда да осы сынды іс-шаралар жиі өтеді. Олардың қоғам үшін маңызы зор деп есептеймін.
Белсенділердің көздегені – мәселеге мейлінше көп назар аудару. Бұл жайт күн тәртібінде тұруы тиіс. Себебі, ашуға булыққандардың кесірінен шарасыз аналар, балалар зәбір көруде.
Ұлан Ыдырыс