Балалар

Жұмыс іздеген жастарға мүмкіндік

Петропавлда кезекті мәрте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шара М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге екі қолға бір күрек ұсынған өңірдің 30-дан астам кәсіпорны мен мекемесі қатысты.

АЙНҰР СӘРСЕНБАЕВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының нұсқаушысы:

— Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету, олардың кәсіби және жеке дамуына жағдай жасау, сондай-ақ жастарға арналған түрлі мүмкіндіктер туралы ақпарат беру. Жәрмеңке аясында бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, қаржылық сауаттылық, кәсіпкерлікті дамыту, құқықтық кеңес беру, психологиялық қолдау және мемлекеттік жастар бағдарламалары бойынша консультациялық алаңдар жұмыс істеуде.

Іс-шараға жоғары оқу орнын және колледж тәмамдайтын түлектер, өз мамандықтары бойынша жұмыс таппай жүрген жас мамандар және NEET санатындағы жастар қатысты. Қатысушылар мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдерімен тікелей тілдесті, қосымша сұрақтарына жауап алды.

КАРИНА МЕЙРАМ, Қозыбаев университетінің студенті:

— “Бастауыш білім беру және инклюзивті практика” мамандығы бойынша оқимын. Осы жәрмеңкеге келген мақсатым – болашақта өзімді басқа бір мамандық иесі ретінде көру.

Айта кеткен жөн, ұйымдастырылған кезекті жәрмеңке аясында 150-ден астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.