25-шілде күні Петропавлда республика көлемінде “Сабантой” мерекесі атап өтіледі. Ауқымды шараға дайындықты пысықтау үшін өңірге жұмыс сапарымен Татарстан Республикасыннан вице-премьер бастаған делегация келді. Сапар барысында меймандар Петропавлды аралады. Алғаш ат аялдатқан жер – Габдулла Тукайдың ескерткіші салынатын алаң. Бұл – татар халқының ұлы ақыны, қазақ зиялыларымен тығыз байланыста болған тұлға. Бұдан кейін меймандар Дин-Мухаммад атындағы мешітке барды. Бұл – тарихтан сыр шертетін қасиетті жер. Алланың жердегі үйі жергілікті татар бауырларға рухани тыныстауға, құдайға құлшылық етуге мүмкіндік беретін орын.
ВАСИЛЬ ШАЙХРАЗИЕВ, Татарстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары, РФ:
— Ауқымды мерекеге дайындықпен танысып шықтық. Бәрі көңілімізден шықты. Есте қаларлықтай шара өтетініне сенім мол. Барлық ел және облыс тұрғындарын “Сабантойға” белсене қатысуға шақырамын.
Өңіріміз бен Татарстан арасындағы достық байланыс бұрыннан бар. Бұған дейін облыстың делегациясы шекара асып, тамырлас татар халқының мол мұрасымен танысып қайтқан еді.