Теріскейге бет түзеген ағайынның қатары күн санап артып келеді. Бағдарлама басталғалы Тайынша ауданына 30 отбасы, яғни 129 қоныс аударушы келген. Жаңа тұрғындардың ішінде Алматы облысы Талғар қаласынан Теңдік ауылына 4 адамнан тұратын құраммен көшіп келген Алпысовтар отбасы да бар. Отағасы Дулат Алпысовтың айутынша мақсат айқын – осы құтты мекенде мал шаруашылығын дамытып, жеке кәсібін дөңгелету.
ДУЛАТ АЛПЫСОВ, Теңдік ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:
— Осы жаққа келуіміздің себебі, біріншіден, ауыл шаруашылығымен айналыссам ба деп жатырмын. Қой өсіріп, браун тұқымды құстарды бағып, жұмыртқа сатумен айналыссам деген ойым бар. Мына жаққа келерде, енді, біріншіден, қосымша уақытым бар болды. Содан соң бағдарлама жайлы білдім: өкіметтен осындай қолдау бар екен, ауылға барса, алуға болатынын естідім. Негізі, ауылға бұрыннан келгім кеп жүрген. Осы бағдарлама келуімізге түрткі болды десек болады.
Жаңа мекенге табан тіреген отбасыға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 1 млн 100 мың теңгеден астам көлемде алғашқы субсидиясы төленді. Бүгінде олар Теңдік ауылынан өз баспаналарын сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын алу үшін құжат әзірлеп, мал шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік грант алуды жоспарлап отыр.
РҮСТЕМ ЖҰМАҒҰЛОВ, Тайынша ауданы Мансап орталығы филиалының директоры:
— Көшіп келушілер бізге келген кезде өздерінің бизнес-жоспарларын көрсетіп, мемлекет тарапынан берілетін гранттарға қатыса алады. Оны аудандық комиссия қарап шығады. Егер жоба грант талаптарына лайықты болса, қаржылай қолдау көрсетіледі. Оңтүстіктен көшіп келген адамдардың көбі солтүстіктің ауа райын суық әрі қолайсыз деп ойлайды. Алайда, ешқандай қиындығы жоқ, уақыт өте келе бәріне үйреніп кетеді. Бұл отбасы – соның айқын дәлелі десек болады.
Жалпы, теріскейге бет бұрған ағайынның қарасы жыл санап артып келеді. Оған мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың ауқымы кеңейгені де себеп. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 3720 адамды, яғни 865 отбасын қабылдау жоспарланған. Бүгіннің өзінде өңірге 520 жанұя көшіп келіп үлгерді. Бұл – 2 мыңнан астам адам. Жаңа қонысқа табан тіреген әрбір азаматқа біржолғы 302 мың теңге жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ, баспана жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеу үшін ай сайын 64 мыңнан 128 мың теңгеге дейін субсидия төленбек. Оған қоса, баспаналы болудың тиімді тетіктері де қарастырылған.
НҰРЛАН БИБОЛАЕВ, СҚО Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
— Келген адамдарды қабылдау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылған. Әр аудандағы мансап орталықтарында мамандар қарсы алып, қажетті көмек көрсетуде. Сонымен қатар, ауылдық округтердің әкімдері мен олардың мамандары да қолдау білдіріп, тиісті көмектерін жасап жатыр. Қазіргі таңда келіп жатқан адамдардың ішінде 500-ге жуық еңбекке жарамды азамат бар. Олардың шамамен 40 пайызы жұмысқа орналастырылды. Ал қалғандарымен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл бағдарлама шарттарына қоныс аударушылар үшін жеңілдік енгізілді. Мәселен, былтыр тұрғын үй сатып алуға берілетін экономикалық ұтқырлық сертификатының сомасы 4 жарым млн теңге болса, биыл ол 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Ең бастысы – бұрын азаматтар үй құнының жартысын өз қалтасынан төлеуі тиіс болса, биылдан бастап өз қаражатын шығармайды. Тек таңдаған баспанасында 5 жыл бойы тұруы шарт.
Жангельді Жамалиев