Күн жылынды, велосипед ұрлығы жиіледі. Бұл – Петропавлда жылда орын алатын жайт. Статистика көрсеткендей, қос дөңгелекті көлік негізінен түнгі уақытта қолды болады. Тұрғындар мүлікті көпқабатты үйлердің аулаларында, подъезд ішінде құлыпқа бекітпей қалдырады. Бекіткеннің өзін кәнігі баукеспелер кесіп, табанын жалтыратады. Мысалы, биыл ұрланған велосипедтердің ішінде «Compel» маркалысы бар. Оның құны – 1 млн теңге.
ТІЛЕМІС КӘРІМОВ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
— Криминалдық полиция қызметкерлері велосипед ұрлығын жасады деген күдікпен азаматты анықтады. Ол – облыс орталығының 36 жастағы тұрғыны. Бұған дейін мүлік ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталған.
Тұрғылықты жері жоқ, үнемі көше кезіп жүрген бұл ұрыны ұстау оңай болмаған. Ол бір емес, 8 дерек бойынша кінәлі деп танылуда. Қазіргі уақытта 7 велосипед табылып, тәркіленіпті. Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
ТІЛЕМІС КӘРІМОВ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
— Жыл басынан бері 18 велосипед ұрлығы тіркелді, оның 12-сі ашылды.
Велосипедті жоғалтып, сан соқпас үшін тұрғындар мұқият болуы керек. Ұрылар құлыптың өзін бұзуда. Яғни, мүлікті үнемі бақылап отырған жөн.
Ұлан Ыдырыс