Спорт

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов Азия чемпионы Ислам Евлоевты құттықтады

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жастар арасында грек-рим күресінен Азия чемпионы атанған теріскейлік палуан Ислам Евлоевты қабылдады. Естеріңізге сала кетейік жуырда, жерлесіміз Вьетнамның Дананг қаласында өткен байрақты бәсекеде 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарған еді. Осы жетістігімен бүгін спортшыны әрі оның бапкерін облыс әкімі атынан Жүсіп Жұмағұлов құттықтады.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Біздің өңірде осындай үздік спортшыларды тәрбиелеп шығарған спорт мектебін қалыптастыру – ортақ еңбектің нәтижесі. Бұл жеңіс өңір спортының жоғары деңгейде екенін тағы бір дәлелдеді.

Құттықтау сөздерден кейін кезек марапаттауға келді. Жүсіп Жұмағұлов Ислам Евлоевқа 2 млн теңгенің, ал оның бапкері Қонысбек Түкеновке 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Палуан енді бірер күн демалып, алдағы уақытта Өзбекстан еліне оқу-жаттығу жиынына аттанбақ.

ИСЛАМ ЕВЛОЕВ, грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия чемпионы:

— 3-4 күннен кейін Ташкент қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанамын. Дайындықты күшейту қажет. Себебі, алда бізді Азия ойындары мен Қазақстанда өтетіне әлем чемпионаты күтуде.

Қонысбек Түкенов теріскейде 25 жылдан бері бапкер болып еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол – Ислам Евлоевпен қатар грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері. Айтуынша, бүгінде өңір намысын қорғап жүрген палуандар жетерлік.

ҚОНЫСБЕК ТҮКЕНОВ, грек-рим күресінен Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері:

— Бізде күрес тарихы терең. Көптеген чемпиондар шыққан. Олардың қатарында Нұрым Дүйсенов, Роман Мелешин сынды палуандар бар.

Айта кетейік, қазіргі күні грек-рим күресінен ұлттық құрамада Ислам Евлоевтан бөлек тағы солтүстікқазақстандық 5 палуан бар. Алдағы уақытта теріскейлік күрес шеберлері Астанадағы әлем чемпионаты мен Жапонияда өтетін Азия ойындарында бақ сынайтын болады.

 

Ұлан Ыдырыс