Мәдениет

М.Жұмабаевтың “Шолпы” туындысына арналған мәдени-танымдық іс-шара

Петропавлдағы Мағжан орталығында ақиық ақын М.Жұмабаевтың “Шолпы” туындысына арналған мәдени-танымдық іс-шара өтті. Тәрбиелік тұрғыда маңызы аса зор жиынды жерлесіміздің атындағы жоғары колледждегі “Инабат” клубы ұйымдастырды. Оған өңірдің ардагер ұстаздары, педагогтар және өлкетанушылар қатысты. Қонақтарға арнап ұлттық әшекей-бұйымдарымыз қойылған көрме ұсынылды, сондай-ақ қазақ қызының өміріндегі шолпының орны туралы сахналық көрініс көрсетілді.

САМАЛ ҚОЖАКЕНОВА, М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжі “Инабат” клубының жетекшісі:

— Бұл іс-шараның мақсаты – М.Жұмабаевтың “Шолпы” өлеңі арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, шолпының маңызын көрсету. Сонымен қатар, оның түрлері мен ерекшеліктері туралы мәлімет айтылады. Іс-шара қыздардың ұлттық мұраға деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталған.

“Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр. Жүректі жандырды құрғыр!” – деп Алаштың ақтаңгер ақыны жырлағандай, қазақ қызының жүрісі мен сұлулығының ажырамас бөлігі – шолпы әшекейі. Дана ата-бабамыз бойжеткен қыз баланың жүрісін, қимылын түзеу үшін бұрымына қоңыраулы шолпыны таққан. Халқымызда қалыптасқан сенім бойынша неше түрлі асыл тастан жасалған сылдырмақ, салпыншақтан тұратын салмағы ауырлау дүниенің әсерінен шаш ұзын болып өседі. Бұны “Инабат” клубының қыздары жақсы біледі.

ӘНЕЛ АЙТПЕК, М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжі “Инабат” клубының мүшесі:

— “Инабат” клубында қыз баланың тәрбиесіне арналған іс-шаралар өткізіледі. Қазақи өнер, мәдениет, салт-дәстүрді дәріптейміз.

Іс-шара соңында педагогтар мен өлкетанушылар шолпы туралы, М.Жұмабаевтың туындысы жайлы өзара пікір алмасты, күй шертілді.

Жаннұр Бектұрғанова